Қарағанды облысында жаңа көпір қолданысқа берілді

05.11.2025 21:30

Жаңа көпір арқылы енді кентке қоғамдық көлікте те тұрақты қатынайды

Өндірісті өңірде күрделі мәселенің күрмеуі шешілді. Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Ғабиден Мұстафин кентінде жаңа көпір қолданысқа берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Он жыл бұрын орын алған су тасқыны 1960 жылдары салынған ескі көпірді шайып кеткен. Соның салдарынан көлік қатынасы күрт тоқтады. Ал жергілікті жұрт Теміртау қаласына айналма жол арқылы қатынауға мәжбүр болды. Енді ол қиындық қараша халық үшін артта қалды. Осылайша Ғабиден Мұстафин кентінде Нұра өзені арқылы өтетін жаңа көпір ел игілігіне берілді. Тіпті қуанған тұрғындар Президентке хат жолдап, ризашылығын білдірді.

«Біз халықтың үнін еститін мемлекеттің» барына қуанамыз. Расында халық көп қиындық көрді. Жолдың азабын тартты. Өтінішіміз ескерліп, жаңа көпірдің салынғанына қуаныштымыз. Көпір үшін көп жүгірдік», – деді Мұстафин кентінің тұрғыны Татьяна Курбанова.

Ғабиден Мұстафин кентіндегі кәсіпкерлер мен жергілікті жұрттың басым бөлігі Теміртау қаласында жұмыс істейді. Бұған дейін олар көлігімен 40 шақырым қашықтықты жүріп баратын. Ал жаңа көпірдің арқасында аталған жол нәбәрі 12 шақырымды құрайды.

«Тіпті халық Президентке хат жазып жатыр, осы көпірдін салғанына өте қуаныштымыз», – деді қала тұрғыны.

«Бір кездерде ауылдан қалаға көшу деген мәселелер көп болушы еді. Енді қаладан ауылға көшетін болар», – деді қала тұрғыны.

«Айналма жол шығыны көп болды. Қарағандыға жақын,  Астананың жолына да шығып кетуге болады», – деді қала тұрғыны.

«Халық 10-15 жылдай күтті. Енді көпір ашылған соң қасымыздағы тұрған Теміртау қаласына 15-20 минутта жетіп барамыз. Бұрын анау Ақтау кентінен айналып барушы едік», – деді Мұстафин кентінің әкімі Бақыт Өскембаева. 

Көпірдің құрылыс жұмыстары үш жылға созылған. Ұзындығы 150 метрлік өткелге асфальт жабыны төселіп, құрылыс талаптары түгел сақталған. Жүргіншілер жолағы да қарастырылған. Қазір бұрын пайдаланылып келген ескі көпірді сүріп тастау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

«Аталған көпір пайдалануға берілгеннен кейін көлік қатынасы толық қалпына келтірілді. Көпірді салу облыстық бюджет есебінен жүргізілді. Жыл соңына дейін аумағын толық жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Бастысы көпір құрылысы сапалы жасалды», – деді облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары Аян Шағдат .

Жаңа көпір арқылы енді кентке қоғамдық көлікте те тұрақты қатынайды. Бұл жергілікті тұрғындардың қозғалысын едәуір жеңілдетпек.

Жанбота Бейсембайұлы, Құралай Рысбекқызы, Қарағанды облысынан

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде 17 жастағы қыз үш жыл бойы қорлық көріп келген