Қарағандыдағы жасөспірім өлімі: анасы үш ауруханадан 5 млн теңге өндіріп алды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Тексеріс жүргізілген соң, дәрігерлер тарапынан жіберілген қателіктер расталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды тұрғыны ұлына дер кезінде тиісті медициналық көмек көрсетілмегенін айтып, үш медицина мекемесінен моральдық шығын өндіріп алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарлағандай, марқұм болған 16 жастағы жасөспірім алғаш рет 2023 жылдың наурызында жоғары қызба және әлсіздік шағымымен балалар ауруханасына жеткізілген.

Анықталғандай, дәрігерлер оның жағдайы ауыр болса да, тәулік бойы ауруханаға жатқызу қажеттілігін анасына толық түсіндірмеген. Анасының баласын ауруханаға жатқызудан бас тартқаны құжатпен рәсімделмеген, пациент тек күндізгі стационарға жіберілген. Сонымен қатар антибиотиктер қан талдауының нәтижесін күтпестен тағайындалған. Тексеру барысында медициналық жазбаларды жүргізуде де бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.

«Кейін баланың жағдайы нашарлап, қатерлі ісікке күдік туған соң ғана ол тәулік бойы стационарға ауыстырылған. Алайда жергілікті дәрігерлер республикалық орталықтардың мамандарымен консультация ұйымдастыруды және науқасты бейінді мекемеге жіберуді уақытылы қамтамасыз етпеген. Сонымен бірге учаскелік дәрігер қан талдауындағы өзгерістерді дұрыс бағаламағаны белгілі болды.

Жасөспірім алғашқы емделуге жүгінгеннен кейін бір ай өткен соң республикалық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған», - делінген хабарламада.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізген тексеру дәрігерлер тарапынан жіберілген қателіктерді растады.

Сот анасы талап еткен моральдық өтемақыны қанағаттандырып, үш медициналық ұйымнан жалпы 5 млн теңге өндіріп берді. Апелляциялық алқа шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар енді өз өтінімінің орындалу барысын бақылай алады

Новости партнеров