Шекарада фитосанитарлық бақылау күшейтілді
Жамбыл облысында Қырғызстаннан фитосанитарлық талаптарға сай келмейтін өнімдерді өткізу әрекеттері әлі де тоқтамай тұр. Жыл басынан бері осындай 45 құқықбұзушылық анықталған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Тексеру барысында көрші елден жеткізілген 800 келі алхорыдан комсток сымыры, ал 1,4 тонна шиеден азиялық жеміс шыбыны табылған. Карантиндік зиянкестер анықталған өнімдер Қырғыз Республикасына кері қайтарылып, заң талаптарын бұзған тасымалдаушыларға жалпы көлемі 5,5 миллион теңге айыппұл салынған.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Өткен жылы да жеті жүк көлігінен карантиндік талаптарға сай келмейтін шие анықталған. Жалпы 2025 жылы өткізу бекеттерінде фитосанитарлық талаптарды бұзудың 153 дерегі тіркеліп, құқық бұзушыларға 12 миллион теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар, 2 мың тонна жүк тиелген 153 автокөлік кері қайтарылған.
«Фитосанитарлық бақылау бекетіндегі инспектордың негізгі міндеті – алдымен құжаттарды тексеру. Сонымен қатар карантинге жататын өнімдердің барлығы тексеріледі. Егер өнімнен қауіп анықталса, арнайы зертханаға сынамалар жіберіледі. Зертханалық қорытынды бойынша карантиндік зиянкестер анықталған жағдайда, жүк кері қайтарылады», – деді Нұрби Жігітеков, облыстық аумақтық инспекцияның басшысы.
Оқи отырыңыз: Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету тетіктері күшейтілді