Кардиохирургиядан жасанды интеллектке дейін: Қазақстан ғылымының жетістіктері
Тәуелсіздік алғаннан бері 35 жыл ішінде отандық ғылым жаңа белестерді бағындырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстандық зерттеушілер ядролық физика, биотехнология, материалтану және жасанды интеллект бағыттарында халықаралық деңгейдегі іргелі жобаларды жүзеге асырып келеді.
Кейінгі жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі артып, зертханалық база жаңарып, жас ғалымдарға көрсетілген жүйелі қолдау өз нәтижесін бере бастады. Отандық ғалымдардың еңбектері беделді әлемдік басылымдарда жарияланып, ғылыми әзірлемелер өндіріске енгізіліп жатыр. Осылайша, Қазақстанның әлемдік ғылым кеңістігіндегі орны нығая түсті.
Қазақстандық ғылымның халықаралық деңгейде танылған бағыттары да бар. Мамандардың айтуынша, олардың қатарында кардиохирургия, нейрохирургия, онкология және репродуктивті медицина салалары бар.
«Қазақстан ғылымының әлемде мойындалған бағыттары бар. Олардың қатарында кардиохирургия, нейрохирургия, онкология және репродуктивті медицина салалары бар. Бұл бағыттарда еліміз халықаралық деңгейде танылып, жасанды интеллект пен репродуктивті генетиканы зерттеуде елеулі жетістіктерге жетіп келеді», – деді Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин.