Қарғын су: Ұлытау облысында зардап шеккен 10 үйге қатысты жауаптылардың ісі сотқа жіберілді

30.10.2024 14:01

Су тасқыны кезінде Ұлытау облысы Жезді кентіндегі 24 жеке үйден 108 адам, оның ішінде 56 бала эвакуацияланған

Көктемде болған су тасқын кезінде Ұлытау облысы, Жезді кентіндегі 10 үйдің су астында қалуына себепші болғандарға қатысты іс сотқа жіберілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу барысында құрылыс нормаларының орындалмағанын және жобалық құжаттамада ауытқулар болғанын анықтаған. Ұлытау облысы Табиғи ресурстар басқармасының басшысы жалған құжаттарға, ал техникалық және авторлық қадағалау өкілдері құрылыс нысанына бармастан, орындалған жұмыс актілеріне қол қойып отырған.

Еске салайық, су тасқыны кезінде Ұлытау облысы Жезді кентіндегі 24 жеке үйден 108 адам, оның ішінде 56 бала эвакуацияланған.

"Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлытау облысы Табиғи ресурстар басқармасының басшысына қатысты лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша, сондай-ақ "Жезді өзенін санациялау" жобасы шеңберінде тиісті түрде жұмыс атқармаған тұлғаларға қатысты қылмыстық істерді аяқтады. Қылмыстық істің материалдары сотқа жіберілді. ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіне сай, өзге ақпарат жарияланбайды", – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Оқи отырыңыз: 18 жастағы сарбаздың өлімі: лейтенант 7 жылға сотталды