Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі арнаға келетін су көлемін азайтты

07.11.2025 20:21

Ақтау – Каспий суын тұщытып ішетін еліміздегі жалғыз қала

Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі Ақтаудағы Маңғыстау энергокомбинатының жұмысына кері әсерін тигізіп отыр. Кәсіпорын тәулігіне теңізден сағатына 200 мың текше метр су алып, оны тұщытып, аймақты ауызсумен қамтамасыз етеді. Алайда соңғы жылдары теңіз деңгейінің күрт төмендеуі салдарынан арнаға келетін судың көлемі айтарлықтай азайған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Каспийдің тұзды суы арна арқылы энергокомбинаттың №2 жылу электр орталығына барады. Одан әрі бірнеше кезеңді сүзгілеуден өтіп, тұщы суға айналады. Былтыр қыста жағалауда мұз қатып, соның салдарынан энергокомбинат қуаты төмендеді. Мәселені шешу үшін арнайы жоба жасақталды. Оның бірінші кезеңінде арна түбі 500 метрге қазылды. Тереңдету жұмыстары биыл да жалғасады.

«Су жинағыш арнаның ұзындығы 3,8 километр. Оған келетін су деңгейінің күрт түсуі  энергокомбинат жұмысына қауіп төндіреді. Арна түбін тереңдетуден бөлек 500 метрге дейін ұзарту жоспарланып отыр», – деді Маңғыстау энергокомбинаты департамент директорының орынбасары Алексей Смоленский.

 Жобаның екінші кезеңін атқаратын мердігер компания Ақтау қаласының әкімдігімен келісімшарт жасасқан. Арна жиегіне жер қазатын техникалар жеткізілді. Жоспарға сәйкес су жинау арнасы осы жылдың соңына дейін жарты шақырымға ұзарады.      

«500 метр арақашықтықты тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. Жобаның жалпы құны 9 млрд теңге. 2026 жылға өтпелі жұмыстар негізінде каналды 1 километр 200 метрге ұзартылады. Суды өткізу қабілетін арттыру үшін жасалған жұмыстар тапсырыс беруші тарапынан қатаң бақылауда», – деді «Ақтау қалалық құрылыс бөлімі» ММ сектор меңгерушісі Ербол Өтебалиев.

Маэк кәсіпорны теңіз суын екі арна арқылы алып отыр. Екі жыл бұрын №1 жылу электр орталығына су жинағыш каналға мұз қатып, апатты жағдай туындаған еді. Мамандардың айтуынша, мәселенің алдын алудың төте жолы – арна түбін тереңдету.

Айта кетейік, Ақтау – Каспий суын тұщытып ішетін еліміздегі жалғыз қала.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: Бірыңғай медициналық қызметтер пакетіне қандай өзгеріс енгізілді