18 жастағы жігіттің денесін іздеу жұмысы сегіз тәулікке созылды
Каспий теңізінде 7 шілдеден бері із-түзсіз жоғалған 18 жастағы жігіттің денесі табылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Іздестіру-құтқару жұмыстары сегіз тәулікке созылды.
Өкінішке қарай, марқұмның денесі Ақтау қаласынан 51 шақырым қашықтықта теңіз жағалауынан шамамен 10 метр жерден табылды. Мәйіт полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Іздестіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Әскери-теңіз күштері, Полиция департаменті, еріктілер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.
Жалпы іздеу-құтқару жұмыстарына 253 адам, 100-ге жуық техника, жүзу құралдары, дрондар және «Қазавиақұтқару» тікұшақтары тартылған.
«Іздестіру жұмыстары теңіз ағысы, жел мен толқынның күшеюі, сондай-ақ су астындағы көру мүмкіндігінің төмендігіне байланысты күрделі жағдайда өтті. Соған қарамастан барлық күш пен құрал жұмылдырылып, іздеу жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Тұрғындарға ескертеріміз – рұқсат етілмеген жағажайларда шомылмаңыздар. Судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаңыздар», – деді Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерлан Сұлтанмұратов.
Оқи отырыңыз: Еуропада аптап ыстық: мамандар сақтық шараларын күшейтуге шақырады