Іс бойынша сот процесі қайта басталды
Қостанайда жеке сот орындаушысына жасалған шабуылға қатысты іс сотта қайта қарала бастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында бұрынғы полиция қызметкеріне қатысты іс алқабилердің қатысуымен қайта қаралып жатыр. Ол жеке сот орындаушысының өміріне қол сұқты деген айыппен жауап беруде.
Оқиға биыл ақпан айында Рудный қаласында болған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушы қылмысын алдын ала жоспарлаған. Ол жеке сот орындаушысы Жансұлу Хамзинаны аңдып, көлігін қыздырып тұрған сәтте артқы орындыққа отырып, өзін такси күткен жолаушы ретінде таныстырған. Арада бірнеше секунд өткен соң әйелге пышақпен шабуыл жасаған.
«Айыпталушы пышақ сұққан сәтте Жансұлу Хамзина белсенді қарсылық көрсетіп, сол қолын алға тосып, беті мен мойнын қорғауға тырысқан. Соның салдарынан оның сол жақ білегі екі жерден жарақат алған. Шабуыл кезінде пышақтың жүзі сынып, көліктің салонына ұшып кеткен. Осы сәтті пайдаланған жәбірленуші айыпталушыны итеріп жіберіп, көліктен сыртқа шығып үлгерген», – деді мемлекеттік айыптаушы Гүлмира Кенжетаева.
Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушы 2013 жылдан бері кәмелетке толмаған баласына алимент төлеуден жалтарып келген. Оның берешегі 9 миллион теңгеден асқан.
Бұған дейін бірнеше сот орындаушысы қарызды өндіре алмаған. Ал 2025 жылы атқарушылық іс Жансұлу Хамзинаның өндірісіне өткеннен кейін борышкерге қатысты заңда көзделген мәжбүрлеу шаралары қолданылған.
«Сотқа ұсыныс жолдағаннан кейін іс қаралып, сот отырысы өтті. Соның нәтижесінде борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бес тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарылды. Кейін мен полиция қызметкерімен бірге оны жазасын өтеу үшін Рудный қалалық полиция басқармасының әкімшілік қабылдау орнына жеткіздім», – деді жәбірленуші Жансұлу Хамзина.
Осыдан кейін сотталушының мүлкіне тыйым салынып, оған қатысты өзге де мәжбүрлеу шаралары қабылданған. Тергеу нұсқасы бойынша, дәл осы әрекеттерден кейін айыпталушы кек алу мақсатында шабуыл жасаған.
Өз кезегінде айыпталушы тағылған айыппен толық келіспейтінін мәлімдеді.
«Маған өте ауыр айып тағылып отыр. Сондықтан айыптау тарапының нақты дәлелдері бар деп үміттенемін. Егер кінәңізді мойындайсыз ба деп сұрасаңыз, жоқ, толықтай мойындамаймын», – деді айыпталушы.
Айыпталушыға жеке сот орындаушысының өміріне қол сұқты деген айып тағылған. Егер оның кінәсі дәлелденсе, 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Әйкерім Пернебек, Елисея Томашевская, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Еуропада аптап ыстық: мамандар сақтық шараларын күшейтуге шақырады