Алматыда көшелерді суару жұмыстары күшейтілді
Еуропада аптап ыстықтан 10 мыңнан астам адам көз жұмды. Қаза тапқандардың басым бөлігі – егде жастағылар. Биыл шілде айының ортасында Еуропа, Солтүстік Америка және Азияның бірқатар өңірінде рекордтық жоғары температура тіркелді. Ауа райының күрт өзгеруі салдарынан орман өрттері жиілеп, кей елдерде тұрғындарды эвакуациялауға тура келген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Маусым айының соңынан бері Франция, Испания, Португалия, Италия, Германия және Ұлыбританияда ауа температурасы рекордтық көрсеткішке жетті. Испания мен Португалияның кей өңірлерінде сынап бағаны 44°C-қа дейін көтерілсе, Барселонада соңғы 112 жылдағы ең жоғары температура тіркелді. Францияда өзен суының шамадан тыс жылынуына байланысты атом электр стансаларының бірі жұмысын уақытша тоқтатқан. Ұлыбританияда да өрт қаупі ең жоғары деңгейге жеткен. Сарапшылардың айтуынша, аптап ыстықтың басты себебі – жауын-шашынның түсуіне мүмкіндік бермейтін антициклон.
«Өткен жылы адамзат тарихында тіркелген ең жоғары жаһандық температура рекорды жаңарды. Биыл бұл көрсеткіш одан да асып түсуі мүмкін. Мұндай үрдіс алдағы уақытта да жалғаса береді. Булану мен конденсация процестері ұзақ уақыт бойы ғаламшардағы қолайлы температураны сақтап келді. Алайда табиғи тепе-теңдік бұзылғаннан кейін жауын-шашын режимі өзгеріп, құрғақшылық күшейді. Қазақстан мен Орталық Азия климаттың мұндай өзгерістеріне ең осал аймақтардың қатарына жатады», – деді Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі платформасының үйлестірушісі Булат Есекин.
Қазақстанда да аптап ыстық сақталып тұр. Бірқатар өңірде ауа температурасы 40 градустан асты. Осыған байланысты Алматыда көшелерді суару және ауаға су бүрку жұмыстары күшейтілген. Қалада 16 арнайы техника жұмыс істеп, 128-ден астам көшеге су шашылып жатыр. Бұл ауа температурасын төмендетіп, шаңды азайтуға мүмкіндік береді.
Аптап ыстық тұрғындардың денсаулығына да әсер етіп отыр. Алматы қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің мәліметінше, шілденің алғашқы екі аптасында 34 мыңға жуық шақырту түскен. Оның шамамен 1,5 мыңы қан қысымының көтерілуіне, 300-ден астамы жүректің ишемиялық ауруы мен жедел миокард инфарктіне байланысты болған. Сондай-ақ 50-ге жуық адам ми қан айналымының бұзылуына байланысты ауруханаға жеткізілген.
«Күнделікті шақыртулар саны әдеттегіден 150-200-ге артық түсіп жатыр. Басым бөлігі – 50 жастан асқан азаматтар. Сонымен қатар күн өтуіне байланысты балаларға да жиі шақырту түседі. Ыстық күндері ата-аналар балаларын суға шомылуға апарады, бірақ олардың басынан күн өтіп кету қаупі жоғары», – деді Жедел медициналық жәрдем қызметінің аға дәрігері Гүлбахар Есімұратова.
Синоптиктердің болжамынша, шілде айында еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болады. Мамандар тұрғындарға сағат 11:00 мен 17:00 аралығында күн астында ұзақ жүрмеуге, көбірек су ішуге, ашық түсті киім киюге және ауа райына қатысты ресми ескертулерді назардан тыс қалдырмауға кеңес береді.
Айдана Шалқар, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда жастарға арналған тоғызқұмалақ курстары ашылды