Балық инспекциясының мамандары да фактілердің тіркелгенін айтты
Каспий теңізінің жағалауынан бекіре тұқымдас балықтардың өлекселері табылып жатыр. Олар Түпқараған ауданы Форт-Шевченко мен Баутин елдімекендері және Бозашы, Қаражанбас кен орындарына жақын жағалаулардан анықталған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Құлалы аралынан да өлекселер шыққан. «Қазақ балық» қауымдастығының мәліметінше, соңғы рет 1 маусымда жағалаулардан 20 итбалық мен 8 бекіренің өлексесі жиналған. Осыған орай экологтар су сынамасын алған. Бірақ мамандар сынаманы теңіздің ортасы мен көрші мемлекеттердің аумағынан және теңіздегі мұнай кен орындарынан да алу қажет екенін айтты.
«Бекіренің де бірнеше түрі өліп жатыр. Оның ішінде 10-15 кг, 20 кг дейін жететін бекіре тұқымдас балықтарының да өлекселері шығып жатыр. Негізі маусым айларында мүлдем кездеспейтін. Биыл мұндай жағдайлардың орын алғаны мені де ойландырып жүр», – деді «Қазақ балық» шаруашылығы филиалының басшысы Данияр Әкімжанов.
Балық инспекциясының мамандары да фактілердің тіркелгенін айтты. Алайда өлекселердің қатты ыдырап кетуінен сынама алу мүмкін болмады деп отыр.
«Былтыр 2025 салыстырғанда итбалық өлекселері жобамен 10 есеге азайған. Оның ішінде Бекіре тұқымдас балықтарыныңда жағалауға шығып қалып жатқан фактілері бар. Денелерінде анықтау бойынша жарақат жоқ. Сынама алуға келетін болсақ ең соңғы стадияларда шіріп кеткен жағдайда жағалауға шығып қалғандықтан, олардан толыққанды сынама алу мүмкін емес болып тұр», – деді Балық инспекциясы басқармасының басшысы Қонарбай Базарбаев.
Оқи отырыңыз: Мәслихат сессиясы: Алматыда LRT құрылысы, қоқыс тарифі және экология мәселесі талқыланды