Қауіп қайдан: Атырау облысында 80-нен аса түйе арам өлген

18.07.2025 16:27

Мамандар өлген малдан сынама алған

Түйе қырылып жатыр. Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданының бір емес, төрт ауылындағы маусым айынан бері 80-нен аса ойсылқара тұқымының арам өлген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жағдай  Дыңғызыл, Еңбекші, Мақаш, Нұржау ауылдарында қиын. Шаруалардың айтуынша, белгісіз індет түйені мұрттай ұшырған. Дабыл қаққан ауыл азаматтары өлімнің себебін әлі күнге дейін анықтай алмай отыр. Соңғы бір айда әр шаруа қожалығынан шамамен 6-7 түйе мен бота сеспей қатыпты.

«Маусым айында Мақаш пен Еңбекші ауылдық округінде 40-тан астам түйе өлді. Астанаға 11 ауруға қарсы сынама өткізілді. Бірақ ауру тіркелмеді. Ауырмаған түйе неге өледі? Сұраққа жауап жоқ», – деді  Еңбекші ауылының тұрғыны Нұрболат Құбашев.

Шаруалар жағдай ушыға ма деп алаңдап отыр. Сорақысы, шығынға шаш етектен батқан көпшілік жергілікті биліктен көмек сұрауға мәжбүр. Қазірдің өзі 80-нен аса ойсылқара тұқымы жиналып, арнайы орынға көмілген.

«Бес аналық түйе, екі бота өлді. Малдыңмм немен ауырып жатқанын таба алмай отырмыз», – деді Дыңғызыл ауылының тұрғыны Фазиля Қабдолова.

Мамандар өлген малдан бірқатар сынама алды. Ал әкімдік пен ветеринариялық қызмет өкілдері жануарларды залалсыздандырып, өзгесін көмуге көмектесіп жатыр.

 «Облыс әкімдігі тарапынан Ауыл шаруашылығы министрілігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне ұсыныс хат жолданып, аурудың нақты неден пайда болғанын анықтау мақсатында арнайы мамандарды жіберуін сұрадық», – деді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Ықылас Азаматов.

Айта кетейік, биыл аудан аумағында 204 түйеге симптоматикалық ем көрсетілген. Оның 84-і өліп, 73-і сауықса, бүгінде 47 түйені емдеу жалғасып жатыр. Арнайы сараптама қорытындысынан соң мамандар індетке қарсы шара қабылданатынын жеткізді. 

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Кім кінәлі: Нұркент шағынауданы тұрғындары жарыққа жарымай отыр