35 жылда Қазақстан халықаралық қатынаста сенімді әріптеске айналды
«Жоғалғанымыз табылды, рухымыз қайтадан жанданды». Осылай деген ғалым, филология ғылымының кандидаты, халық өнерінің зерттеушісі Сағатбек Медеубек Республика күнін – қазақ ұлтының өзін әлемге танытқан тарихи белесі деп атады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ол соңғы жылдары қазақ әдебиеті мен мәдениеті тек ұлттық деңгейде емес, әлемдік кеңістікте де қарқынмен дамып келетінін жеткізді. Қаламгерлердің шығармалары шет тілдеріне аударылып, халықаралық әдеби ортада жоғары бағалануда, өнерде де жеткен жетістіктеріміз көп дейді.
«Шын мәнінде, қазақ халқының ұлт ретінде әлемге танылуы – тәуелсіздіктің арқасы. Қаншама рухани құндылықтарымыз қайта жаңғырды. Мысалы, біз бүгінде Димаш сияқты талантты ұлымызбен мақтанамыз. Өйткені Димаш – қазақтың ұлы, ол арқылы әлем қазақ деген халықты таныды. Ал бұған дейін тәуелсіздіктің тұғырын нықтап, іргесін қалаған, еңбек сіңірген барлық қайраткерлердің үлесі зор», – деді журналист, филология ғылымдарының кандидаты, ғалым Сағатбек Медеубек.
35 жылда Қазақстан халықаралық қатынаста сенімді әріптеске айналды. Ғылым, білім, мәдениет, спорт және ақпарат салаларында айтарлықтай нәтижелер бар. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейіп жатыр. Филология ғылымдарының докторы, академик Кенжехан Матыжанов қазір елдің рухани және мәдени жаңғыру кезеңі деді. Өйткені қазақ тілі мен ұлттың шығармашылығы өркениетті елдермен тең дәрежеде сұранысқа ие болып жатыр.
«Біз әлем елдерімен жаңа форматта қарым-қатынас орната бастадық. БҰҰ-ның, ОБСЕ-нің, ЮНЕСКО-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың мүшесі болдық. Біздің әдебиетіміз бен мәдениетіміз әлемдік рухани қазынаға өз арнасымен ене бастады. Соның нәтижесінде әдебиетімізде ірі тақырыптар игеріліп, қазіргі заман адамдарының рухани бостандығы жайлы жаңа туындылар дүниеге келді», – деді М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.
Оқи отырыңыз: 35 жыл білім биігінде: Алматы мектептерінің жетістігі қандай