Қазақстандықтар интернет-алаяқтарға 25 млрд теңгеден астам ақша аударған

Жарты жылдың ішінде 11 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жыл басынан бері қазақстандықтар интернет-алаяқтарға 25 миллиард теңгеден астам ақша аударған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, 6 айдың ішінде 11 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Алданған халыққа бар болғаны 895 миллион теңге қайтарылыпты.

Министрлік дерегінше, соңғы 8 жылда елімізде киберқылмыстардың саны еселеп өскен.

«Киберқылмыс дерегі азаймай тұр. Дегенмен ондай қылмыстардың ашылу дерегі өткен жылғы 25 пайыздық көрсеткішпен салыстырғанда, биыл 29 пайызға өсіп отыр», - деді ҚР Ішкі істер министрлігі Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

Одан бөлек, тек биылдың өзінде елімізде 74 sim-бокс пен 88 мыңнан аса тіркелмеген SIM-карта тәркіленген. Құзырлы орган күдіктілерді Астана, Алматы, Қарағанды, Атырау және Семей қалаларынан анықтаған. Нәтижесінде 30 адам қамауға алыныпты. Оның 14-і шетел азаматтары.

Сондай-ақ жыл басынан бері заңға қайшы мазмұндағы 59 мың сайт бұғатталып, 870 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Құзырлы орган кибералаяқтарды анықтау үшін халықаралық ынтымақтастықты жолға қойған.

«Мысалы, биылғы қаңтар айында Арменияда бірлескен операция өткіздік. Онда Еуропа мен ТМД елдерінің тұрғындарын алдап келген алаяқтардың екі колл-орталығының көзін жойдық. Олар азаматтарды ірі инвестициялық жобаларға ақша салу сылтауымен алдап отырған», - деді ҚР Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда киберқылмыспен күрес күшейтілді – ІІМ

Новости партнеров