Аудан әкімі өндіріс ошағына жұмыс сапарымен барды
Алматының Жетісу ауданында 572 өндіріс орны бар, оның 50-ден астамы - ірі және орта кәсіпорын. Бұл туралы жұмыс сапары кезінде аудан әкімі Ләззат Жылқыбаева айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, былтырғымен салыстырғанда мұндағы өндіріс көлемі 15%-ға өскен. Айта кетейік, Жетісу ауданы - Алматының ірі өнеркәсіптік аудандарының бірі.
Құрылыс материалдарын өндірумен айналысатын бұл кәсіпорын 30 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Саладағы жетекші компаниялардың біріне айналған өндіріс ошағының ұжымымен Жетісу ауданының әкімі, құзырлы орган өкілдері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары кездесті. Жұмысшылардың жай-күйімен танысып, қызметкерлерді толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Жұмыс сапарының келесі нүктесі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеделсаты өндіріп, оларға қызмет көрсететін кәсіпорын болды. Жауаптылардың айтуынша, бұл мекеменің өнімдері қаланың Түрксіб, Алмалы және Жетісу аудандарын қамтиды.
«Қаладағы жерүсті өткелдеріндегі жеделсатыларды өндіреміз. 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Енді тек ерекше қажеттіліктері бар азаматтар емес, балалар арбасымен жүрген аналар, қолында жүгі бар азаматтар да қолдана алатын көтеру құрылғысын әзірледік. Соны қала әкімдігіне ұсынғалы отырмыз. Егер мақұлдаса, жобамызды іске асырамыз», - деді кәсіпорын директорының орынбасары Сергей Мальцев.
Аудан әкімі балмұздақ және мұздатылған жартылай дайын өнім шығаратын зауыттың ұжымымен де тілдесті. Еңбек қауіпсіздігі жайында сөз қозғалып, қызметкерлердің хәл-ахуалын сұрады. Мекеме басшылығының айтуынша, кәсіпорын жылына 3 мың тоннадан астам өнім өндіруге қауқарлы екен.
«Біз балмұздақтың 170-тен астам түрін шығарамыз. Уақыт өткен сайын дамып келеміз. Біздің зауыт өз өнімін тек Қазақстан емес, Қытайға да жеткізеді. Сондай-ақ жақын арада Өзбекстан, Тәжікстан сынды елдердің нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Айта кетейін, балмұздақ қана емес, мұздатылған жартылай дайын өнімдер мен кондитерлік бұйымдар да шығарамыз», - деді кәсіпорынның қаржы директоры орынбасары Валерия Жардан.
«Негізгі мақсатымыз – тікелей жұмыскерлермен байланыс орнату, диалог орнату. Себебі көп жағдайда кәсіпорын мен мемлекеттің органның ортасында байланыс болады да, ал сол кәсіпорында жұмыс істеп жатқан жұмыскерлермен байланыс болмай жатады. Соның салдарынан жұмыскерлердің сұрақтары тиісті деңгейде тиісті органдарға жетпей қалады», - деді Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаева.
Айта кетейік, Жетісу ауданында қазір 572 өндіріс орны бар екен. Оның 52-сі - ірі және орта кәсіпорын.
Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар интернет-алаяқтарға 25 млрд теңгеден астам ақша аударған