Қазақстанға адал қызмет етуге ант етемін: 14 үздік түлек офицерлік шен алды

04.06.2025 18:45

«Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі». Мемлекеттік рәміздер күніне орай ту көтеру рәсіміне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. «Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді» деген Мемлекет басшысы салтанатты жиынға жиналғандарды құттықтап, бұл күннің мән-маңызы айрықша екеніне тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астана жұрты таңмен таласа елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешеніне жиналып, Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. «Құрмет» қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке екенін баса айтты. Мемлекет басшысы «байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан меркеге орай жыл сайын көк туымызды биікке көтереміз» деді.

«Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байрағымыз қастерлі Отанымыз – Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қасиетті борыш», – деді Мемлекет басшысы.

Президент биыл мемлекеттіміздің берік тірегі – Ата Заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толатынын еске салды. Мемлекет басшысының айтуынша, заң қоғам арқа сүйейтін басты қағидаттардан тұрады. Конституция арқылы заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етіп, ауқымды өзгерістерді кезең-кезеңімен енгізілуде.

«Қазақта «Туы бірдің – түбі бір, жолы бірдің – жүгі бір» деген сөз бар. Еліміздегі түрлі этнос өкілдері көк байрақтың астында тұтасып, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біздің мүддеміз де, жолымыз да, мұратымыз да – ортақ. Бұл – әділ, қауіпсіз әрі таза Қазақстанды құру», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ салтанатты рәсімде жоғары әскери оқу орындарының 14 үздік түлегі Мемлекет басшысы – ҚР Қарулы күштерінің жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды. Мұның өздері үшін үлкен мәртебе екенін айтып, заң мен тәртіптің үстемдік құруына әрдайым үлес қосатынын жеткізді.

«Аса мәртебелі Жоғарғы қолбасшы мырза, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнінде сіздің қолыңыздан арнайы шен алу – үлкен мәртебе. Бұл ұлттық қауіпсіздікті сақтауға, қастерлі Отанымызға аянбай қызмет етуге және өзіме берілген офицер мәртебесін абыроймен арқалауға үлкен жігер береді», – деді ҚР ҰҚК Академиясының түлегі Әлихан Үйсембаев.

«Аса құрметті жоғары мәртебелі Бас қолбасшы мырза,сіздің қолыңыздан салтанатты түрде арнайы шен алу мен үшін үлкен мәртебе. Сіз елімізде заң мен тәртіптің үстемдік құруы тиіс екенін айтып келесіз. Біз жас офицерлер осы бастамаңызды іске асыруда үнемі күш-жігерімізді жұмсай береміз. Тәуелсіз Қазақстанға адал қызмет етуге ант етемін», – деді ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі Тоғжан Аманғалиева.

Ел Президенті де жас офицерлерге «қасиетті туымызды әрдайым тік ұстаңдар» деп баса айтып, оларға кәміл сенетінін жеткізді.

Айта кетейік, салтанатты іс-шараға мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері, «Халық қаһарманы» мен «Қазақстанның еңбек ері» атағының иегерлері, жоғары әскери оқу орындарының курсанттары мен олардың туыстары қатысты.

Гүлмарал Изатқызы, Алмат Ілиясов

Оқи отырыңыз: Алматыда мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтті