ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде жаңартылған телестудия ашылды

10.10.2025 20:29

​​​​​​Болашақ журналистер енді өз подкастарын жаңа студияда жазбақ

Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде қайта жаңғыртылған телестудия жұмысын бастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тәжірибе алаңының ашылу салтанатына ардагер ұстаздар, жоғары оқу орнының түлектері мен қоғам белсенділері және студенттер қатысты. Көпшілікке орталықтың міндеті таныстырылып, жаңартылған жабдықтары көрсетілді. Медиакабинет заманауи камералармен қамтамсыз етілген. Сондай-ақ мұнда 4 түсірілім аймағы бар.

Атап өтер жайт, профессор Марат Барманқұловтың есімі берілген телестудияда алғашқы күні-ақ подкаст-жобаның тұсауы кесілді.  

«Баспасөзден кейін, 1930 жылдары радио пайда болды, ал 1950-жылдары телевизия келді. Тележурналистика республикада алғаш қалыптасқан кезде оған негіз салған және дәріс берген Марат Кәрібайұлы болатын», - деді филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев.

«Ең соңғы үлгідегі Sony камералары алынды. Заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылды. Қазіргі жастардың сұранысын ескере отырып, студия подкаст жазуға да бейімделді. Мұнда бірнеше түсірілім локациясы қарастырылған», - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай.

Оқи отырыңыз: Алматыда Шора Сарыбаевтың 100 жылдығына орай 6 кітаптың тұсаукесері өтті