Әкелер күні: бүгінгі мерекенің мәні мен маңызы қандай

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Маман әкелер күнін атап өтудің психологиялық жағынан да оң әсері барын жеткізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2023 жылдан Қазақстанда маусым айының үшінші жексенбісі Әкелер күні болып бекітілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Әкелер күні не үшін ұсынылды?

Әкелер одағы төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет – Қазақстанда әкелер күнін атап өтуге инициатива ұсынған әкелердің бірі. Айтуынша, бұл ұсыныс “Әкелер институтын нығайту үшін, әкелердің мәселелерін қоғамға жеткізу үшін не істей аламыз?” деген ойдан туған.

Өздеріңіз білесіздер, қазір әкелердің балаларымен айналыспауы, оларды қалдырып кетуі, алимент төлемеуі сияқты мәселелер бар. Олардың әрқайсы өзінің әке екенін біледі ғой, сонда да әкенің деңгейін, жауапкершілігін көтеру үшін не істеуге болады деп зерттеу жасадық, - дейді ол.

Осы мәселені зерттеу барысында Мақсұтбек Айтмағанбет шетел тәжірибесіне де жүгінген. 

Жалпы қарасақ, дүние жүзінде біраз мемлекеттер осындай мәселемен ұшырасқан кезде әртүрлі тренинг-семинарлар жасаған, мектептерде жұмыс жүргізген және идеологиялық жағынан әке мәртебесін көтеру үшін әкелер күнін енгізген екен. Мысалы Жапонияда, Түркияда, Әзербайжанда әкелер күні бар. Сондықтан “біз де әкелер күнін атап өтейік” деген ұсынысты сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне бірқатар әкелер, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жасадық, - дейді Әкелер одағы төрағасы.  

Әкелер күнін мерекелеудің маңызы неде?

Белгілі отбасы психологі Ержан Мырзабаев әкелер күнін мерекелеудің маңызына тоқталды.  

Әкелер күнін мерекелеу арқылы біз қоғамда әке рөлін дәріптейміз, әкенің жауапкершілігін арттырамыз. Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында ер-азаматтарға, әкелерге байланысты көптеген жағымсыз жаңалықтар жиі жарияланады. Соған қарсы қоғамға пайдасын тигізіп жүрген, отбасына жауапкершілікпен қарайтын, әкелік міндетін ең жоғары деңгейде атқарып жатқан әкелер де бар екенін көрсету, дәріптеу өте маңызды, - деді ол.

Маман әкелер күнін атап өтудің психологиялық жағынан да оң әсері барын жеткізді.  

Мұндай мерекелердің тағы бір маңызы психологиялық тұрғыдан егер бір адамға “сен жамансың, жамансың” дей берсеңіз, ол соны қабылдайды да, “мен осындаймын, өзгергім келмейді” деп өзгермейді. Ал егер “сен жақсысың, күштісің, маңыздысың, керексің” делінетін болса, бұл адамның бойында жауапкершілік сезімін оятады. Осы тұрғыдан әкелер күнін мерекелеу маңызды және қажет деп ойлаймын, - деді Ержан Мырзабаев.

Әкелер күнін қалай атап өту керек?

Әкелер одағы төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет қоғамдағы әке мәртебесі ер адам статусынан бөлек қарастырылуы керек екенін түсіндірді.

Әкелер күнін енгізгенде “Мынадай күннің не керегі бар? 7 мамыр бар емес пе?” дегендер болды. Өкінішке қарай, біздің қоғамда ер адам мен әкені шатастырады. Ер адам деген – ер адам. Ал әке болудың мәртебесі бөлек, ол өмірге бала алып келді. Оның үстіне 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Отанды тек ер адамдар ғана емес, әйелдер де қорғайды ғой. Сондықтан Әкелер күні – отбасына, әке институтына байланысты мереке, - деді ол.

Сондай-ақ Мақсұтбек Айтмағанбет “әкелер күні – той тойлау емес” деп баса айтты.  

Сол күні балалар әкелерінің қасында болса, құттықтаса екен деймін. Әкелері қайтыс болған жандар бәлкім үйде отырып құран оқиды немесе бейітіне барып, әкесін еске алады. Мысалы, былтырлары мереке қарсаңында балалар балабақшада әкелерге арнап сурет салды, жазғы лагерьлерде әкелер күніне байқаулар ұйымдастырылды. Жалпы бұл мереке әкелердің мәртебесін көтеруге, жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бірақ әр отбасы Әкелер күнін қалай атап өтетінін, балалар әкелерін қалай құттықтайтынын өзі біледі, - деді одақ төрағасы.  

“Әр балаға әке мен ана бірдей қажет”

Отбасы психологі Ержан Мырзабаев қазір әсіресе жас әкелер жақсы өзгеріп жатқанын айтты.

Жас әкелер өзінің ата-анасымен, ата-бабаларымен ғана байланып қалған жоқ. Сонымен қатар жаһандануға байланысты әлемдік трендтерді қолға алып жатыр. Сондықтан көшеде, саябақта баланың арбасын итеріп жүрген, бала көтеріп жүрген ер азаматтарды жиі-жиі көріп жатырмыз. Үйде, отбасында үй шаруасына көмектесіп жүрген ерлер бар, - деді маман.

Алайда Ержан Мырзабаевтың айтуынша, бұл тенденция көбіне үлкен қалаларда байқалады.

Бұл – жағымды тенденция. Бірақ, өкінішке орай, мұндай тенденция көбіне үлкен қалаларда байқалады. Ауылды жерлерде, кішігірім қалаларда бұл тенденция бар, жүріп жатыр деп айту қиын. Сондықтан осы бағытта әлі де көп жұмыс істеуіміз керек, - деді ол.

Психолог әкелер отбасына, бала тәрбиесіне араласқан кезде әйелдің психо-эмоционалды көңіл күйі жақсаратыны, балаларының өзіне сенімді, ұстанымы мықты, мотивациясы жоғары болатыны, жетістікке көбірек жететіні дәлелденген көптеген ғылыми зерттеулер барын атады.

Жалпы отбасы болып, бала болғаннан кейін әрбір балаға әке мен ана бірдей қажет. Тек қана өмірдің белгілі бір бөлігінде, мысалға, бастапқы кезеңдерде бала анасына жақынырақ болады, одан кейін әкесіне жақынырақ болады. Өтпелі кезеңде қыздар аналарына қайтадан жақын болып кетеді. Ұлдар әкелерін қажет етеді. Осылай өмірдің ағынымен балаға әрбір кезеңде кейде әке көбірек, кейде ана көбірек керек болып жатады. Бірақ жалпы алған кезде баланың толыққанды өсіп, жетілуі үшін екеуі де бірдей маңызды және қажет, - деп қорытындылады сөзін Ержан Мырзабаев.

Оқи отырыңыз: Күніне қанша көкөніс пен жеміс жеу керек – дәрігерлер кеңесі

Новости партнеров