49 мұғалім еңбек етіп жатқан білім ордасы қаладағы үш мектептің жүктемесін айтарлықтай жеңілдеткен
Арыс қаласында мектептерден орын таппай қиналған оқушылардың мәселесі енді түбегейлі шешімін тапты. Жаңа «Келешек мектебінің» ашылуы қаладағы үш білім ошағына түсетін жүктемені айтарлықтай жеңілдеткен. Заманауи зертханалары бар кең ғимарат оқушыларға мүлде басқа деңгейдегі орта ұсынып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
600 орынға лайықталған жаңа мектепке 500-ден астам оқушы қабылданған. 49 мұғалім еңбек етіп жатқан білім ордасы қаладағы үш мектептің жүктемесін айтарлықтай жеңілдеткен. Себебі ол білім ордалары бұған дейін артық жүктемемен жұмыс істеп келіпті. Жаңа мектептің ашылуы, әсіресе, ата-аналарды қуантып отыр.
«Балалар ынтамен, қызықушылықпен мектепке келеді. Менің қыздарым «анашым, мектебіміз, мұғалімдеріміз күшті» деп қуана-қуана барады», – деді ата-ана Айгүл Қирабаева.
Мектепте талапқа сай STEM, робототехника, визуалды дизайн, хореография кабинеттері бар. Шығармашылықты дамытуға арналған алаңдар да бала қиялына қанат бітірері сөзсіз.
«Біздің мектепте әр сынып заманауи және жайлы білім алуға қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұғалімдер әр оқушының қабілетін ашуға, шығармашылығын дамытуға көмектеседі. Сабақтарымыз қызықты да пайдалы өтеді», – деді оқушы Әдемі Нұрмаханбет.
Білім ошағында спорт залы, асхана, акт залымен қоса демалыс аймақтары да ұмыт қалмаған. Сондай-ақ қауіпсіздік шараларына ерекше мән беріліпті.
«Барлық кабинеттер интерактивті панельге қосылған. Интернет желісі барлық сыныпқа жалғанған», – деді мектеп директоры Талғат Ахметов
Мұндай білім ошақтарының қатары облыста артып келеді. Былтыр 13 «Келешек мектеп» ашылса, биыл тағы 10-нан астамы ел игілігіне берілді.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: 2026 жылдан бастап жекеменшік мектептер қатаң цифрлық бақылауға өтеді