Кентауда «Хизб-ут-Тахрир» экстремистік ұйымының мүшелері құрықталды

04.11.2024 11:15

Бұл ұйымның идеологиясы елде зайырлы конституциялық құрылымды құлатып, «шариғат» нормаларын енгізуге бағытталған

Кентауда «Хизб-ут-Тахрир» экстремистік ұйымының мүшелері құрықталды
polisia.kz

Түркістан облысында елде зайырлы конституциялық құрылымды құлатып, «шариғат» нормаларын енгізуді мақсат еткен экстремистік ұйымның тобы жойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлінісі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің көмегімен Кентау қаласында «Хизб-ут-Тахрир» діни-экстремистік ұйымының жасырылған тобын жойды.

Бұл ұйымның идеологиясы елде зайырлы конституциялық құрылымды құлатып, «шариғат» нормаларын енгізуге бағытталған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында топ мүшелерінің терроризм идеяларын насихаттау, сондай-ақ діни көзқарасты қорлау фактілері анықталды.

Топ мүшелері «Хизб-ут-Тахрир» шетелдік радикалды уағызшыларының дәрістерін алу және тарату үшін интернет-ресурстарды пайдаланған. Топ жетекшісі бұған дейін тыйым салынған діни-экстремистік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін сотты болған.

«Жүргізілген шаралар нәтижесінде 10 күдікті ұсталды. Олардың тұрғылықты жерлерін тінту кезінде діни-экстремистік әдебиеттер мен басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», — делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: Шымкетте 52 жастағы әйел 5-қабаттан секірмек болды