Әуежай басшылығы әуе жолағында көктайғақ пайда болған соң азаматтардың қауіпсіздігін ойлап, уақытша ұшуды тоқтатқан
Атырауда ұшақтар кестеден кешігіп жатыр. Салдарынан сапардан қалған жолаушылар әуежайда шу шығарды. Сабылған халық тіпті ас-ауқатсыз қалып, сағаттап әуежайда отыруға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Екі күннен бері діттеген жеріне ұша алмай абыр-сабыр болған жолаушылар ала таңмен әуежайда шу шығарды. Отбасымен саяхатты жоспарлағандардың бірі – Жұлдыз Қатарова. Ол төрт баласымен Алматыдан Балиге ұшуы керек еді. Шетелге тур алып, қыруар қаржы жұмсаған келіншек, енді шығын шырмауына батқанын айтады. Ең қиыны күйіп кеткен билеттің ендігі жерде шығынын кімнен сұрарын білмей дал.
«Егер де түнде болғанда отырмас едік, енді байланып қалдық. 4 баламмен жүрмін, ауырып қалды, ақшамды қайтарсын. Авиалиния кінәлі, бір отбасыға 6 билет алдық, тқлесін», – деді жолаушы Жұлдыз Қатарова.
Бүгіннің өзінде 9 рейс кестеден кешіккен. Қазір Алматы, Астана, Шымкент бағытына ұшатын әуе рейстерінің уақыты қайта-қайта ауысып, жолаушылар сағаттап әуежайда күтуге мәжбүр. Жұрттың айтуынша, тіпті ас-ауқатта қарастырылмаған.
«Алматыға кеше ұшуым керек еді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ұша алмаймыз деп борттан түсірді. Әуе компаниясы жолаушыларға түк те жағдай жасаған жоқ, тамақсыз отырдық. Қонақ үйлері өте нашар. Екінші күн жүрміз қаңғырып. Бүкіл жұмысымыздан қалдық. Бүгін рейс түсте деген, енді тағы түнге ауыстырып жіберді», – деді жолаушы Аида Османова.
Ал әуежай басшылығы әуе жолағында көктайғақ пайда болған соң азаматтардың қауіпсіздігін ойлап, уақытша ұшуды тоқтатқан.
«Қардан тазартқанымызбен, қайтадан жауып жатыр. Қызметкерлер аршып жатыр, бірақ аршылған аумақ қайта қарға көмілуде. Біздегі жолақ 3 мың метр. Оның барлығын бірден тазарту мүмкін емес, жағдай қиындап тұр», – деді Х. Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайының инженері Андрей Венгринюк.
Кешіккен рейстердің кейбірі ертеңге ауыстырылған. Ал Атырау қаласына келетін ұшақтар өзге өңірлерге қонып жатыр.
Оқи отырыңыз: Жыныстық қатынасқа мәжбүрледі: Шымкентте қызды алып қашқан жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалды