17 жастағы қызды бейтаныс адамдар алып қашып кеткен
Шымкентте 17 жастағы қызды бейтаныс адамдар алып қашып кетіп, оны еркінен тыс тұрмысқа бермек болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бойжеткеннің сөзінше, күдікті жігіттің туыстары «өз еркіммен келдім» деген қолхат жазуға да мәжбүрлепті. Сорақысы, олар қаршадай қыздың бұған келіспейтінін түсінгенде, оны жыныстық қатынасқа итермелеген. Сонымен қатар ұялы телефонын тартып алып, бермей қойған көрінеді. Жәбірленуші болған жайттың барлығын әлеуметтік желіде жайып салды.
«Менің қолхат жазбайтынымды түсінгеннен кейін жыныстық қатынасқа мәжбүрледі. «бұл үйден қыз болып шықпауың керек» деді. Оқуға бармайтынымды айтты. Мәжбүрлі әрекеттен кейін, жеңгелері төсенішті алып, тойлап кетті», – деді жәбірленуші.
Бұл оқиғаны құзырлы органдар растап отыр. Қызды алып қашқан жігіт қазір қамауда отыр. Сондай-ақ жасөспірімді еркінен тыс тұрмысқа бермек болғандар да полиция бөлімшесіне жеткізілді.
«Қала тұрғыны арызы жазды. Полиция «Міндеттеп некеге тұрғызу» бабы (ҚР ҚК-нің 125-1-бабы) бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу аяқталғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданады», – деді Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: Денесін үтікпен күйдірген: анасынан зәбір көрген балалар ауруханада жатыр