Алматы емханаларындағы ұзын-сонар кезекті қысқарту үшін чат-боттар мен қызмет көрсету терминалдары орнатылады, деп хабарлады Almaty.tv.
Бұл бастама дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, тұрғындарға жедел кеңес алуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар медициналық мекемелерде жасанды интеллект негізіндегі дауыстық көмекшілер мен телемедициналық патронаж қызметі белсенді қолданыла бастады. Бұл – науқастарды қашықтан бақылап, қажетті кеңес беруді оңтайландыратын әдіс
«Біз емханалардың жұмысын жеңілдетуге көмектесеміз. Көбіне бір жасқа дейінгі балаларға қатысты кеңес береміз. Бала емізу, қоспаларды есептеу, ішек-қарын немесе несеп шығару мәселелері. Егер нақты тексеріс қажет болса, оны да ескертеміз. Күніне шамамен 15–20 қоңырау қабылдаймыз, демалыс күндері 30-ға жуық тұрғын хабарласады», – деді педиатр Динара Серғазы.
Күн сайын телемедицина орталығының мамандары жедел жәрдемнен түскен шақыртуларды сүзгіден өткізіп, науқастарға хабарласады. Ал жасанды интеллектіге негізделген дауыстық көмекшілер онлайн кеңес ұйымдастырып қана қоймай, қала тұрғындарын скринингтен өтуге, вакцина салдыруға шақырады.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында жасанды жадының қарқынын арттырып, оны барлық салаға енгізуді тапсырған.
«Маған хабарласып, скринингке шақырды. Өзім тұратын жер бойынша №28 емханаға бардым. Сол жерде қоңыраудың роботтан түскенін білдім. Шынымен де, айырмашылығы жоқ. Өте ыңғайлы», – деді қала тұрғыны Татьяна Құсайынова.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын тіс емдеуге пайдалану тоқтатылуы мүмкін