Құжат «Ашық» порталында жарияланып, 30 қыркүйекке дейін қоғам талқысына шығарылды
Зейнетақы жинақтарын тіс емдеуге пайдалану енді тоқтатылуы мүмкін. Өйткені соңғы жылдары мүмкіндікті жеке қажеттілігін өтеу мақсатында қолданатындар көбейген. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі «Емделу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына» өзгерістер енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2021 жылы емделуге біржолғы зейнетақы төлемін пайдалануға рұқсат берген Денсаулық сақтау министрлігі бастамадан бас тартпақ. Себебі тіс емдеуді сылтауратып зейнетақы ақшасын заңсыз пайдаланғандар көбейген. Осыған байланысты ведомство стоматологиялық қызметтерге, атап айтқанда протездеу мен тіс импланттау үшін төлемдерді қолдану нормасын алып тастауды ұсынып отыр. Жауаптылар мұндай шешімге медициналық құжаттарды қолдан жасау және жинақты мақсатсыз жұмсау дерегінің жиілегендіктен амалсыз барып отырғанын жеткізді.
«Зейнетақы қаражатын стоматологиялық қызметтерге төлеу бойынша медициналық көмек көрсетуді қатаңдатқан еді. Яғни бұл жерде емдеудің алдында және емдеуден кейін 3Д снимоктарды ұсыну керек. Қосымша құжаттарды рәсімдеу бойынша яғни, стоматологиялық көмек көрсетудің механизімі қатаңдатылған. Алайда жағдай қайталануда. Сол себепті осындай шешім қабылданды», – деді ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті басқармасының басшысы Әлия Бекжанова.
Отбасы банкінің дерегіне сүйенсек, тек Атыраудағы бір ғана клиникаға азаматтар зейнетақы жинағынан 22,9 млрд теңге аударған. Тіпті бір клиент тісін емдету үшін 11 рет өтініш беріп, жалпы сомасы 33 млн теңгеге жуық қаражат алған. Егер бір имплант пен тіс тәжін орнату құны 500 мың теңге болса, бұл ақша 65 имплантқа жететін еді. Осы деректен кейін Қаржылық мониторинг агенттігі Атырау облысында тексеріс жүргізіп, нәтижесінде зейнетақы қаражатын заңсыз рәсімдеуге қатысы бар 5 қылмыстық топты анықтады. Олар жалған құжаттар арқылы Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және басқа қалаларда қағаз жүзінде 30-дан астам стоматологиялық клиника ашқан. Бірақ бұл мекемелердің ешқайсысында ғимарат та, құрал-жабдық та, дәрігер де болмаған, тіпті басшылық құрамының медициналық білімі жоқ болып шықты.
«Жалған медициналық құжаттарды рәсімдегені үшін күдіктілер азаматтардың алған қаражатынан 10%-дан 20%-ға дейін заңсыз сыйақы ұстап отырған. Жиналған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қылмыстық топтар 226 «дропперді» пайдаланған. Зейнетақы салымшыларының ақшасына күдіктілер 600 млн теңгеден асатын 15 қымбат автокөлік сатып алған. Сондай-ақ зергерлік бұйымдар, коммерциялық нысандар, пәтерлер мен жер телімдерін сатып алған. Қылмыстық жолмен табылған мүлікті іздестіру жалғасуда. Қазіргі уақытта 59 тінту жұмысы жүргізілді. 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылады», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан
Айта кетсек, 2021 жылдан 2025 жылғы 20 тамызға дейін қазақстандықтар зейнетақы шотынан «тіс емдеуге» деп 757 млрд теңге пайдаланған. Алайда кейін жалған стоматологиялық қызметтер арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 200 млрд теңгенің заңсыз шешілгені белгілі болды. Осыған байланысты 15 қыркүйектен келер жылдың 15 сәуіріне дейін тіс емдеуге арналған өтінімдерді қабылдау уақытша тоқтатылған.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Астана
Оқи отырыңыз: Үш оқушы көз жұмған: Жамбыл облысында 6 басшы жауапқа тартылды