Халықаралық ынтымақтастық: Әл-Фараби мұрасын дәріптеу бағытында үш маңызды меморандумға қол қойылды
«Әл-Фараби» орталығының филиалы Қытайда ашылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үш меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv
Бірінші келісім негізінде Философия және саясаттану факультетінің кафедрасына Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы өкілдігінің мәртебесі беріледі. Ресми құжатқа ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен ICESCO (Исэско) Бас директоры Сәлім Әл-Мәлік қол қойды.
«Бұл халықаралық келісімдердің ең басты себепкері әрине – әл-Фарабидің мұрасы. Ол тек қазақ елінің немесе түркі әлемінің емесе ислам әлемінің ғана еншісіндегі мұра емес, бүкіл адамзаттық өркениеттің қалыптасуына әсер еткен идеялар, концепциялар», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев.
Екінші меморандум аясында «Әл-Фараби» орталығының филиалы Қытайдың Чженчжоу университетінде ашылады. Ал үшінші меморандум Малайзия халықаралық ислам университетінің білім беру саласындағы әріптестік байланысын нығайтуға бағытталған.
«Қытайда Фараби орталығының бірінші рет ашылып отыр. Біздің ілімге, ғылымға, Фарабиді тануға, Ясауиді тануға, Абайды тануға үлкен септігін тигізеді», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент директоры Қуаныш Тастамбек.
«Бастама – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл мұсылман әлемі үшін маңызды. Бұл меморандум екі университеттің, әсіресе ғылыми-зерттеу бағытындағы әріптестігін нығайтады деп сенемін. Біздің мақсатымыз – әл-Фарабидің еңбектерін тереңірек зерттеп, оның идеяларының бүгінгі заманға және болашаққа қаншалықты маңызды екенін зерделеу», – деді Малайзия халықаралық Ислам университетінің ректоры Осман Бакар.
Оқи отырыңыз: Алматыда «Жасыл ел – 2026» маусымы қорытындыланды