Халық қатысатын бюджет: Алматының Түрксіб ауданнда 32 жоба жүзеге асады

Алматы-1 теміржол вокзалы алдындағы скверді жаңғырту жобасы да сәтті аяқталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Түрксіб ауданында биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 32 жоба жүзеге асады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түрксібте «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында бірнеше нысан бой көтерген. Соның бірі – Ақан сері көшесіндегі балалар және спорт алаңы. Тұрғындардың сөзінше, бұрын тек футбол ойнауға арналған орын болған. Жергілікті азаматтардың өтінішімен аумақ кеңейіп, воркаут алаң салынған.

 «Осы жерде 4-5 жылдан бері тұрамын. Басында тар еді,балалар көп, сыймайтын. Халық та, балалар да қуанышты, раөмет!» – деді қала тұрғыны Талғат Бекболатов.

«Нысанның проектісі сызылған кезде әкімшілік тарапынан ересектер алаңы мен спорт алаңын ғана қарастырмай, жастарға арналған воркаут аймағын да ойластырдық. Жаттығу жасайтын құрал-жабдықтарды орнаттық», – деді Түрксіб ауданы әкімі аппараты көріктендіру бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Оразымбетов.

«Төменгі бесарық» шағынауданының тұрғындары да дән риза. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында бұл аумақта да балаларға арналған ойын алаңы, әткеншектер, арнайы жабдықталған спорт аймағы, жаттығу құрылғылары орнатылып, жасыл желек қоры көбейген. Жауаптылардың сөзінше, ересектер үшін де демалыс аймағын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінген.

«Қырық жылдан астам уақыт осы ауданда тұрамын. Ауламыз түрленіп, жағдай жасалғанына дән ризамыз. Бұрын өте ескі алаңымыз бар еді. Мұнда тұратын халық көп, балалар да аз емес. Кешқұрым бұл аумақ жап-жарық болып, бәрі асыр салып ойнайды. Қарасаң, көзің тояды», – деді қала тұрғыны Ирина Фурманова.

«Тұрғындарға  жаттығу алаңы, үлкендерге демалатын әткеншектер, жасөспірімдерге кешкі уақытта футбол алаңы салынды», – деді Түрксіб ауданы әкімі аппараты ТҮКШ бөлімінің бас маманы Данияр Нұртаев.

Алматы-1 теміржол вокзалы алдындағы скверді жаңғырту жобасы да сәтті аяқталған. Бұл шаруа да  «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында іске асыпты. Оның шеңберінде жол жабыны ауыстырылып, суару жүйесі орнатылып, аумақ көгалдандырылған. Сондай-ақ темір жол бекетіне іргелес жатқан көшелер де абаттандырылады деп жоспарланыпты.

Айта кетейік, биыл «Халық қатысатын бюджет бағдарламасы» аясында Түрксіб ауданының тұрғындарынан 625 ұсыныс түскен. Дауыс беру нәтижесінде жалпы сомасы 2 млрд теңге болатын 32 жоба таңдалып алынған. Олардың қатарында жүргіншілер аймағы, балалар және спорт алаңдарын салу, автоматты суару және жарықтандыру жүйесін ретке келтіру қарастырылған. Жұмыстардың барлығы биыл қазан айына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров