Сәтбаевта тұрғын үйдің шатыры опырылып, азаматтар үйіндінің астында қалды

Үйдің апатты екенін ресми түрде мойындату үшін тұрғындар ұжымдық арыз дайындауға кіріскен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлытау облысына қарасты Сәтбаев қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде шатыр опырылып, азаматтар үйіндінің астында қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сәтбаев даңғылында орналасқан тұрғын үйдің салынғанына 60 жылдан асыпты. Сыртынан қарасаңыз, қабырғасы жарылып, ескірген. Ал ішке кірсеңіз, дәлізді сасық иіс пен ылғал басқан. Үйдің ескіргені соншалық, күні кеше жауған жаңбырдан шатыр опырылып, ортасына түскен көрінеді. Негізінен зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылар тұратын екі қабатты ағаш үйдің бар сиқы – осы.

«Төбенің құлайын деп тұрғанына бірнеше жыл болды. Соны әркімге айтамыз, бірақ тыңдап жатқан адам жоқ. Түнгі сағат 2:00 шамасында бірдеңе гүрс ете қалды. Далада бірдеңе құлаған шығар деп ойладым. Таңертең есікті ашсам,  төбе құлап жатыр», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Рабиға Рүстемова.

«Жаңбыр жауған сайын төбемізден су ағады. Балаларымыз үшін қорқамыз. Қазір қайта демалыста, аман қалдық. Жоғары жақтан бізге қолдау білдіріп, шатырды жөндеп берсе. Апатты үй деп белгілесе жақсы болар еді», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Маржан Утенова.

Тұрғындар бұған дейін жергілікті билікке талай мәрте шағымданған. Әлеуметтік желі мен тиісті сайттарда да, жеке қабылдауда да арызымызды айттық деген ағайын сөзіне әзірге ешкім құлақ аспаса керек. Көпшіліктің бірінші талабы – үйді апатты деп тану. Ал әкімдік өз кезегінде аталған үйге техникалық тексеру жүргізген. Бірақ жағдайын ескермеген.

«Бұл үй апатты баспана тізімінде жоқ. Орын алған жағдай бойынша комиссия құрылды. Құлайын деп тұрған элементтер шұғыл алынып, үйге қызмет көрсететін «Сүйікті қала» мекемесі барлық материалын, үйге керекті заттарын алдырып жатыр. Алайда тұрғын үй қатынастар заңында төбе, шатыр жұмыстары тұрғындарға ортақ мүлік болғандықтан, өздері жиналып, жасауы тиіс», – деді Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Жадыра Сейілова.

Үйдің апатты екенін ресми түрде мойындату үшін тұрғындар ұжымдық арыз дайындауға кіріскен. Мақсат — бұл баспанада тұрудың өмір үшін қауіпті екенін дәлелдеу. Алайда нақты шешім шықпайынша, азаматтар үшін әр жауын – үрейге толы сынаққа айналып отыр.

 Айта кетейік, бүгінде Сәтбаев қаласы бойынша ресми түрде 221 үй апатты деп тіркелген.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Киіктің санын реттеу: Ақмола облысында диқандар дабыл қақты

Новости партнеров