Әкім уәдесін орындамайды: маңғыстаулықтар жол азабын тартып келеді

Almaty.tv
Almaty.tv

Атамекенде әкім жоқ, жұмыстан шығып кетіпті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстауда Атамекен ауылына қарасты «Арман» тұрғын үй массивінің халқы редакциямызға хабарласып, батпаққа батып отырмыз деп шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Арман» тұрғын үй массивіндегі жолдың тас талқаны шыққан. Түндегі жауын-шашыннан кейін көшемен жүру мүмкін емес, лай болып жатыр. Жұрт жолдың жайын көтеріп жүргеніне бірнеше жыл болған. Әкімдіктегілер 2023 жылы асфальт төсейміз деп уәде берген. 

«Үш шақырым жол бар. 2023 жылдан бері әкімдік асфальт төсейміз деп деп уәде береді, сосын ауысып кетеді. Әкімдердің ешқайсысы жұмыс жасап отырған жоқ, халықпен ешқандай шаруасы жоқ», – деді ауыл тұрғыны Қоблан Аишевү

Массивтегі аялдама жоқ. Тұрғындар «қыста ықтап, жазда көлеңкеде отыратын аялдама қажет» дейді.

«Оқушылардың аялдамасы өте нашар, бергі жағы балшық. Қысы-жазы осындай болып жатады. Жөндесін, жарық орнатсын», – деді ауыл тұрғыны Гүлшат Жәдігерова.

Атамекенде әкім жоқ, жұмыстан шығып кетіпті. Қазір орнында міндетін атқарушы болып орынбасары жүр. Жауапты маман жағдайды түсіндіруге тырысып еді, ашынған халық бірден шүйлікті.

Қазір ауыл басшысының міндетін уақытша атқарып жүрген Әнет Кемежановтың айтуынша, жолды салу жұмыстары келесі жылдың еншісінде екен. Жоба дайын, қаржы сбөлінуі керек. 

«2024 жылы «Арман» тұрғын үй массивіне ПГС төселіп, жолдары тегістелген. Қазір 2025 жылы автогрейдердің көмегімен тегістелді. Енді асфальт бойынша алдағы 2026 жылға сметалық-құжатта жасалды, ұсыныс беріліп қойды. Ұлттық сапа тексеріп, қорытындысы бойынша қаржы бөлінсе, мәселе шешіледі деп ойлаймыз», – деді Атамекен ауылы әкімінің міндетін атқарушы Әнет Кемежанов.

Жолдың жайы белгілі болды, қаржы бөлінсе тақтайдай тас жол төселеді. Ал аялдама мәселесі Ақтау қаласының аумағында тұрғандықтан Атамекен әкімдігі ештеңе жасай алмай отыр. Десе де бұл түйткілді әкімдік өкілдері 2026 жылы реттемек.

Оқи отырыңыз: Шымкенттіктер жеке тұрғын үйдің ауласына салынып жатүан ұялы байланыс мұнарасына наразы

 

Новости партнеров