Мұнараны орнатуға рұқсатты жергілікті санитарлық бақылау басқармасы берген
Шымкентте ұялы байланыс мұнаралары жеке тұрғын үйдің ауласына салынып жатыр. Бұл жергілікті халықтың наразылығын туғызған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жыр болған мұнара Самал-3 шағынауданында орнатылып жатыр. Терезе түбінде тұрған алып құрылғы тұрғындардың мазасын әбден қашырған. Денсаулығына алаңдаған бұқара құрылысты дереу тоқтатып, оны мүлдем салмауды талап етіп отыр.
«Бұл құрылғы негізі адам өміріне қаупі бар. Бұл тұрғын үйден 30 м ара қашықтықта тұруы керек, үйдің терезелеріне қарамау керек. Өзен, арық болмау керек. Мына жер ашық. Үйде кішкентай балалар бар. Сақтық шаралары да қарастырылмаған», –
Айта кетерлігі, мұнара қойылған жерді үй иесінің өзі жалға беріпті. Тіпті ол байланыс операторымен 2029 жылға дейін келісімшарт жасасқан.
«Бұл құрылғының көлемі үлкен. Барлық байланыс түрін қамти алады. Дәл қазір осы Самал-3 ауданында интернет желісі 5G ұстап тұр. Міне телефонда да көрсетіп тұр. Біз оған тәуелді емеспіз», – деді қала тұрғыны Зәкір Жолдасов.
Мұнараны орнатуға рұқсатты жергілікті санитарлық бақылау басқармасы берген. Олар құрылғылардың денсаулыққа зиянсыз екенін айтып, тұрғындардың уайымын негізсіз деп отыр. Қызығы, жауаптылар нысанның қайда салынып жатқанына қарамай жобаны мақұлдаған.
«Бұл антенналардан шығатын электромагниттік сәулелердің адам денсаулығына зияны барын немесе жоқтығын қарап, жоқ болған жағдайда, мекенжайға бармастан, рұқсат береміз. Адам денсаулығына зияны жоқ орнатылатын антенналар белгілі бір мөлшердегі ватт немесе гегагерцтен асып тұрған жоқ», – деді Абай аудандық СЭБ басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Сәрсенбаев
Халықтың айқай-шуынан кейін мұнара құрылысы уақытша тоқтады. Бірақ мәселенің немен аяқталары әлі белгісіз. Ал тұрғындар шағымынан қала әкімдігі де хабардар. Егер бұдан да нәтиже болмаса «жоғарғы органдарға жүгінеміз» деп бекініп отыр.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Атырауда ер адам көпірден суға секіріп, ажал құшты