Жарылыстан тек бұл үй емес, көрші баспаналар да зардап шеккен
Ақтөбеде жарылыс салдарынан баспанасынан да, анасынан да айырылған отбасы тағдыр тәлкегін тартып отыр. Бүгінде олар туыстарының үйін паналауға мәжбүр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Он күн бұрын болған жойқын жарылыс салдарынан тұрғын үйдің күлі көкке ұшып, сау тамтығы қалмаған. Ал үй иесінің денесі үйінді астынан табылыпты. Марқұмның жақындары қайғылы оқиғаға газдың шығуы себеп болуы мүмкін деп отыр.
«Есігін ашып, үйіне кіргенде жарылыс болған. Табалдырықта құлаған. Аяқ киімін де шешпеген. Телефоны қолында, сумкасы жатқан жерінен таптық. Денесінде ешқандай сынық ештеңе жоқ. Тек бастырылып, сол жерде жан тапсырған», – деді марқұмның сіңлісі Мейрамгүл Тынымова.
Жарылыстан тек бұл үй емес, көрші баспаналар да зардап шеккен. Қазір отбасы туыстарының қолында тұрып жатыр. Жаңа үй салуға жағдайы жетпегендіктен, олар әкімдіктен жәрдем сұраған. Алайда ақжағалылар көмек қолын созуға ынта білдірмеген көрінеді.
«Әкім орынбасарына бардым, ешқандай көмек болмайтынын айтты. Өрт шығып, суға кеткен жағдайда көмектиесетінін айтты. Сол күні 3 жігіт «бір жерден газ шығып жатыр» деп тексеріп жүргенін көрдім. Мүмкін жабамыз деп қатты ашып жіберді ме? Осы уақытқа дейін ешқандай шағым болған жоқ», – деді марқұмның ұлы Бекбол Исаев.
Қазір оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр. Облыстық Полиция департаменті қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.
«Қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деді Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Жарылыстан кейін баспанасыз қалған отбасы қыс түскенге дейін жаңа үй тұрғызуды жоспарлап отыр. Олар қиын жағдайда қолдау көрсетуге ниетті жандардың көмегіне үміт артады.
Олжас Омарбек, Наталья Лаврентьева, Алихан Молдабек, Ақтөбе облысы
Оқи отырыңыз: Атырауда шомылу маусымы кейінге шегерілді