Кісі қолынан қаза тапқан Өміртай Серікжанның ісіне қатысты сот үкімі шықты

Алайда марқұмның туыстары істің қайта қаралуын талап етіп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жетісу облысында кісі қолынан қаза тапқан Өміртай Серікжанның ісіне қатысты сот үкімі шықты. Күдіктіге 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алайда марқұмның туыстары істің қайта қаралуын талап етіп отыр. Жақындарының айтуынша, 22 жастағы азаматқа қасақана пышақ сұғылған .

Қайғылы жағдай 26 маусымда сағат 01:00 шамасында аулада болған. Куәгерлердің сөзінше, Өміртай Серікжан достарымен отырған. Сол сәтте көпқабатты үйлердің бірінен 1 топ азамат шығып, жігіттер өзара егерескен көрінеді. Тіпті айыпталушылардың бірінің қолында ас үй пышағы болған.

«Арттарынан бара жатқанда 3 баланың біреуімен сөйлесіп қалдым. Кімдер деп сұрағанымда «ішіп алған ғой» деді. Төбелес басталып кетті. Барсам Өміртай астында жатыр екен. Футболкасы қан боп жатқанын байқадым», – деді куәгер Шыңғыс Мұрат.

Алайда іс Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 3-тармағы бойынша, яғни денсаулыққа абайсызда зиян келтіріп, адам өліміне әкеп соғу фактісі бойынша  Талдықорған қалалық сотында қаралды. Бүгін үкім шықты.

Дегенмен, марқұмның әкесі мен ағасы бұл шешіммен келіспейді. Олар істің «абайсызда емес» «қасақана адам өлтіру фактісі» бойынша қайта қаралғанын қалап отыр.

«Абайсызда өлтірдік» дейді, олай емес қой. Ішпейтін, шекпейтін, достарына сыйлы, туыстарымен де жақсы бала болды», – деді марқұмның әкесі Серікжан Мүкиремхан.

«Ол қорғанғанда асхананың пышағын қалтасына салып жүрмейді ғой. Көңіліміз толмайтыны осы жайт болып тұр. Біреуі сотта  қылмыскердің «мен сені өлтіремін» деп айғайлағанын растады. Ешкім қайғымызға ортақ болмады, келмеді», – деді марқұмның ағасы Бауыржан Мүкиремхан.

«Айдын-күннің аманында жалғыз ұлымнан айырылдым» деген отбасы сотқа қайта аппеляциялық шағым түсірмек. Қара жамылған жанұя «Өміртайдың өмірін қиғандар әділ жазалануы тиіс» дейді.

Диана Тұрлыбек, Ялкунжан Ашимжанов

Оқи отырыңыз: Петропавлда жерасты жылу коллекторында өрт шығып, бір әйел мерт болды

Новости партнеров