KITF: Алматы туристік индустрияның халықаралық орталығына айналды

24.04.2026 21:17

Биыл көрмеге 24 елден 400-ден астам компания қатысып, туристік әлеуеті жайлы ақпар берді

Алматы бірнеше күннен бері туристік индустрияның халықаралық орталығына айналды. Шаһарда халықаралық «KITF» көрмесі өтіп жатыр. Дәстүрлі іс-шара биыл да әлемнің түкпір-түкпірінен туризм саласының жетекші мамандарын жинады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Биыл көрмеге 24 елден 400-ден астам компания қатысып, туристік әлеуеті жайлы ақпар берді. Экзотикалық елдерден бастап, Қазақстан ішіндегі жаңа бағыттарға дейін кеңінен таныстырылды. Сондай-ақ көрме туроператорлар, әуе компаниялары мен қонақ үй бизнесінің өкілдері іскерлік келіссөздер жүргізіп, жаңа серіктестіктер орнатуға бағытталған.

«Көрме – Алматы үшін де, осында келген компаниялар үшін де үлкен мүмкіндік. Біз осы алаң арқылы қаламыздың және оған жақын өңірлердің, Қазақстанның туристік әлеуетін таныстыруға мүмкіндік аламыз», – деді көрме жетекшісі ¤Виктория Павленко.

 «Тайландтағы кино түсірілген орындарды таныстырып жатырмыз. Бұл туристерге елдің табиғатын, демалыс орындарын және отбасылық туризм мүмкіндіктерін көрсетуге жағдай жасайды. Қазір екі ел арасындағы туристік ағын артып келеді», – деді туристік компания өкілі Канчана Синг-Удом  (Тайланд).

Ал көрме аясында саладағы жаңашылдықтар жайы сөз болды. Іс-шараның соңғы күнінде өткен конференцияда заманауи инновациялар енгізу ісі талқыланып, мамандар туризмдегі тың өзгерістерге тоқталды. Сондай-ақ сарапшылар саланы цифрландыру мен экотуризмнің маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

«Туризм әлеуеті Алматы қаласында қарқынды дамып келе жатыр. Бұл жұмыстармен тоқтамай, биыл бірнеше халықаралық көрме үйымдастырылады. Соның арқасында туроператорларымыз жаңа байланыс тауып, туристер алып келетін, үлкен мүмкіндіктер ие болмақ», – деді Туризм басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Әбихан.

Сарапшылардың сөзінше, мұндай халықаралық іс-шаралар саланың дамуына серпін беріп, елдің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, өткен жылы Алматыға 2,5 миллионнан астам турист келіпті. Оның 800 мыңға жуығы шетелдік қонақтар.

Гүлмарал Изатқызы, Адель Ақжаркенова, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Халықаралық қонақ үй операторы Алматыда жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр