ҚМДБ ас берудің тәртібі мен мәзірін бекітті

14.05.2025 21:11

Астанада өткен VІ республикалық имамдар форум өтті

Ас беру бәсекеге айналып барады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еске алу рәсімі кезінде дастарханды жайнатып, жеміс-жидек, тәттілер қойып ысырапшылдыққа бой алдыратындарға тосқауыл қоймақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

 Астанада өткен VІ республикалық имамдар форумында ас берудің тәртібі мен мәзірі бекітілді. Құжатта алты түрлі тағамның түрі жазылған. Олар нан өнімдері, шәй-су, ыстық тағам, тары-талқан, сары май, қант-кәмпит. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «бұл ұсыныс, ешкімді міндеттемейміз» дейді. Жиынға жиналған имамдар құжатты халыққа кеңінен насихаттайтын болады.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құжатты қабылдардың алдын республикадағы имамдардан ұсыныс алынды. Жергілікті халық әртүрлі пікір айтады. Мимамдардың ұсыныстарын ескере келе, ортақ шешімге келдік», – деді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы.

Форумда «Қазақ даласындағы отбасы құндылығы» тұғырнамасы бекітілді. Құжатта отбасы институтының исламдағы орны мен жауапкершілігі, ата-ананың, баланың рөлі, ұрпақ арасындағы байланысты нығайтудың маңызы туралы жазылған. Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен онлайн және офлайн форматта мыңға жуық имам қатысты. Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі форумға жиналған қауымға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

 «Бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының екі жылда бір ұйымдастыратын форум. Концептуалды өзекті құжаттар қабылдап келдік. Форум имамдарымызға халық арасында қызмет атқаруына, жұмыс жасауында бағыт, бағдар береді», – деді ҚМДБ уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар Құрбан айтта қанша күн демалады