Кодты айтып, 35 жыл тұрған үйімізден айырылдық: алаяқтар зейнеткерді далада қалдырды

Алматыда биыл интернет алаяқтықтың мыңға жуық дерегі тіркелді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда биыл интернет алаяқтықтың мыңға жуық дерегі тіркелді. Олардың көбі егде жастағы қала тұрғындарын сан соқтырған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бүгінде интернет алаяқтық ең кең таралған қылмыстардың біріне айналды. Қаскөйлер банк қызметкері ретінде таныстырып, жалған инвестициялық жобалар ұсынып немесе интернет дүкен арқылы азаматтардың ақшасын жымқырады. Жасанды интеллектінің қызығын да кибералаяқтар көріп жатыр. Арнайы қосымшалардың көмегімен видео жасап, дауысын өзгертеді. Тіпті бот арқылы жалған төлқұжат жасап, кез келген адамның іші бауырына кіріп, сендіреді. Мұндай әрекеттер Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша алаяқтық ретінде сараланады. Мамандардың сөзінше, жұрттың мүлкіне көз сүзіп, айласын асыратындардың басым бөлігі – ер адамдар. Олардың көбі – орташа есеппен 25 пен 50 жас аралағындағы азаматтар.

«Алаяқтық деректерге төтеп беру үшін 2024 жылы Қазақстан полициясының құрамында киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы ашылған болатын. Айти мамандығы бар ізкесушілер, мысалы жылдың басынан бері 700-ден аса күдікті, күмәнді интернет ресурстарды бұғаттады. Сонымен арнайы киберқылмысқа қарсы бағдарламаларды қолдану арқылы бұғаттау дер кезінде айқындау шаралары жүргізілуде», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Алаяқтардың құрығына түскен қала тұрғындарының бірі – Жолшыхан Қорғамбаева. Қаскөйлер құзырлы органдардың атын жамылып, бірінен соң бірі қоңырау шалып, ақырында 75 жастағы зейнеткердің 35 жыл бойы тұрып келген пәтерін тартып алған. Үйінен айырылған ол қазір қызы мен немересімен далада қалып, сандалып жүр.

«Құжаттарды қайта-қайта салды, сіздің үйдің қаражатын төлеу керек, төлемесеңіздер далада қаласыздар. Алаяқтар әбден мазамызды алды.Кеше үйден қуып шықты. Кіріп есіктің бәрін сындырып түк қалдырмай, бүгін заттарымызды алайық десек кіргізбейді», – деді қала тұрғыны Жолшыхан Қорғамбаева.

«Шамамен 10-15 адам үйге баса көктеп кіріп, «Үйден шығыңдар» деп айтты. Есікті сындырды. Анамның зейнеткер, қызымның кішкентай болғанына қараған жоқ. Алдымен олар поштаға сыйлық келіп тұр деп хабарласты. Туыстарымыздың бірі жіберген шығар деп ойлап, кодты айта салдым. Одан соң бір қыз қоңырау шалып: «Сіздер несие алдыңыздар ма?»  деді. Мен жоқ деп едім, «Сіздерді алаяқтар алдаған, тезірек полицияға хабарласыңыз» деп тағы да өтірік айтып, жалған тәртіп сақшысына жолдады. Олар бәрі сыбайлас болып шықты», – деді Ж. Қорғамбаеваның қызы Лаура Елубаева.

Бүгінде дропперлік алаяқтық – ең қауіпті тәсілдердің бірі. Қылмыскерлер ұрланған ақшаны шотына емес, өзге адамдардың банк карталары арқылы иемденеді. Соңғы жылдары құқық қорғау органдары дропперлерге қарсы күресті күшейтті.

«ҚР Қылмыстық кодексінде жаңа бап пайда болды. Бұл дроппер деген, яғни кез келген азаматтың есепшотында тұрған ақшаны сол кісілердің аударып, ол кісілер үшінші тұлғаларға заңсыз аударады. Яғни сол кезде жауапкершілік қарастырылған. Жас балалар қандай да бір кішігірім еңбекақыға келісіп, оның заңсыз ақша екенін білмей жатады. Яғни қазіргі таңда мемлекет тарапынан және де Ішкі істер министрлігі, Полиция басқармасының тараптарынан, мемлекеттік мекемелер тарапынан халықтың арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді заңгер Смағұл Файзулла.

 Мамандардың айтуынша, интернет алаяқтардың құрбаны болған азаматтар ең алдымен банкке және полицияға жедел хабарласуы тиіс. Бұл ақшаны қайтару мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар дәлел ретінде төлем түбіртектерін жоғалтпаған абзал. Сақтансаң, сақтайды, әрине. Сондықтан белгісіз нөмірмен хабарласқан адамдарға мүлде сенбеу керек. SMS кодтарды ешкімге айтпай, қауіпті әрі бейтаныс сілтемелерге кірмеу – сізді алаяқтардың құрығынан сақтайтын бірден-бір амал.

Айдана Шалқар, Медет Саматұлы, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Атыраудағы атышулы қылмыс: кезекті сот отырысында айғақтар жарияланды

Новости партнеров