Мемлекет БАҚ пен блогерлер аккаунттарын бұғаттауға мүдделі емес – Аида Балаева

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлауалды науқан кезеңінде журналистердің, белсенділердің және блогерлердің қызметіне қатысты өзекті мәселелерге түсініктеме берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мәдениет және ақпарат министрі журналистік және блогерлік қызметті, соның ішінде фото және бейнетүсірілімді жүзеге асырудың даусыз құқығы бар екенін еске салды. «Масс-медиа туралы» ҚР Заңына сәйкес, БАҚ өкілдері кәсіби қызметі шеңберінде фото-, аудио- және бейнежазбаларды жүзеге асыруға әрі ақпарат таратуға құқылы.

Аида Балаева журналистерге де, блогерлерге де адамның келісімінсіз түсірілім жасауға заңмен бекітілген үш жағдайда рұқсат берілгенін нақтылады:

  • егер адам ойын-сауық, мәдени-бұқаралық, мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға, спорттық-бұқаралық іс-шараларға, бейбіт жиналыстарға немесе өзге де көпшілік іс-шараларға қатысса не сол жерде болса;
  • егер таратылатын ақпараттағы адамның бейнесі оның қызметтік және (немесе) қоғамдық қызметіне қатысты болса, сондай-ақ ол өз бейнесін ашық қолжетімді дереккөзде өзі жариялаған жағдайда;
  • егер адамның бейнесін пайдалану қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында қажет болса.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Аида Балаева БАҚ, белсенділер мен блогерлердің аккаунттары жаппай бұғатталып жатыр деген ақпаратқа жеке тоқталды. Ол сөз бостандығын негізсіз шектеу ретінде қабылданатын әрекеттер БАҚ өкілдеріне де, мемлекеттік органдарға да нұқсан келтіретінін атап өтті. Министрлік басшысы ведомствоның әлеуметтік желілердегі парақшаларды бұғаттамайтынын және мемлекет сөз бостандығы мен пікірді шектеуге мүдделі еместігін мәлімдеді. Вице-премьердің бағалауынша, мұндай бұғаттаулар мемлекеттік институттарды абыройсыз ету құралы болып табылады және министрліктің сөз бостандығын қамтамасыз ету жұмысына кедергі келтіреді. Осыған байланысты уәкілетті орган сөз бостандығы құқығын іске асыруға бірінші кезекте қолдау көрсететін болады.

Қазақстанның дамудың жаңа кезеңіне өтуі, жаңа Конституцияның қабылдануы, негізгі институттардың жаңаруы және Құрылтайдың қалыптасуы аясында Балаева жаңа саяси және қоғамдық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Оның негізінде «Заң мен тәртіп» қағидаты (онда лавазымына немесе жазылушылар санына қарамастан барлығы заң алдында тең) және «Адал азамат» құндылық модулі жатыр.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева таратылатын ақпараттың шынайылығын міндетті түрде тексеру қажеттілігін еске салды.

Бұдан бөлек, ведомство басшысы әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңсыз контентті өз уақытында анықтау мен жоюды белсендіруге, сонымен бірге құқық бұзушылықты заңды пікір білдіру мен кәсіби талқылаудан айқын ажыратуға шақырды.

Сөз соңында Аида Балаева барлық БАҚ өкілдері мен блогерлерді таратылатын ақпаратқа жауапкершілікпен қарауға, дереккөздерді тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заңнама талаптарын бұзбауға шақырды.