Қарттар күні: Астанада 107 мың зейнеткерге төлемақы берілді

Айтулы мерейлі мерекені Қазақстанда 2 миллионнан аса ардагер атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін қарттар күні. Айтулы мерейлі мерекені Қазақстанда 2 миллионнан аса ардагер атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бас қаладағы ұзақ өмір сүру орталықтарының бірі – астаналық қарттар үшін тапсырмас мекен. Қазыналы қариялар бос уақыттарын осында өткізеді. Бірі – спортпен шұғылданса, енді бірі – ән айтып, шығармашалық үйірмелерге қатысып жүр.  Қала бойынша 3 мыңнан астам қария аталған орталыққа келеді. Бұл орта 73 жастағы Ғаният Насыровтың да сүйікті мекеніне айналып үлгерді.

"Зейнетке шыққаннан кейін үйде жатып алмай, осы жерге келіп, бос уақытымызды белсенді өткізуге тырысамыз. Түрлі үйірме бар", – деді қала тұрғыны Ғаният Насыров.

Бас қалада 5 орталық жұмыс істеп тұр. Егде жастағы қазақстандықтарға арналған мекеме 14 мыңнан аса адамға қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, елорда әкімдігі қарттар күнінде мереке иелерін назардан тыс қалдырмады. Дәстүр бойынша ата-әжелерімізге 2,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы ақшалай төлем берілді. Бұл сыйды жалпы 107 мың ардагер алды.

"Астана қаласы бойынша 107 мың зейнеткер көмек алды. Оған 989 млн теңгеге жуық бөлінді. Жылыту маусымына байланысты 15 қазаннан кейін көмір алуға жәрдем береміз. Оның да мөлшері 16 АЕК көлемінде,  59 072 теңгені құрайды", – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы Гүлзат Жүсіпбекова.

Қазақ қазынаға балаған қарттардың саны бүгінде 2 млн-нан асады. Бұлардың қатарында ғасыр жасағандары 420 адам. Қазақстандағы ең қарт адам – Ұлытау облысында тұрады. Ақжаулықты әже 114 жасқа толды.  Одан кейін ең ұзақ жасайтын өңірлер көшін Түркістан жалғайды. Ал Оңтүстікте 100 жастан асқан 64 адам бар.

Кәмшат Мұхамеджан, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда қарттар күнін қалай атап өтті

Новости партнеров