Өңірдегі экологиялық ахуал айрықша нашарлап кеткені айтылды
Қарағанды облысы көк түтінге көміліп, өңірде экологиялық ахуал нашарлады. Жағдай әсіресе, кешеден бері ушығып, қиын соғып тұр. Таза ауадан тарыққан тұрғындар дерттің де дендеп кеткенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таңертең және кешке қаланы қою түтін тұмшалайды. Кейінгі күндерде мұндай құбылыс тіпті жиілеген. Дәл осы уақытта көшеде жүру де - қиынның қиыны.
"Тіпті ауа сапасы нашарлағалы жөтел пайда болды", "Таңғы сағат 5:30-да шыққанда демала алмайсың, көміртек тотығы болады, пештің түтіні сұмдық қатты болады", "Мен Шымкенттің қызымын, мына жаққа, түтіннің иісіне енді үйреніп жатырмыз, қар таза емес, түтіннен қап-қара болып кетеді", "Бүкіл аурудың барлығы осыдан, жер үйлерде пеш жағып жатыр, терезені ашпаймыз, жауып тастаймыз, газ тартуды көбейту керек", - дейді қала тұрғындары.
Ал кеншілер шаһарының әр жерінен сынама алған экологтар ауаның қатты ластанғанын растайды. Мамандар жүргізілген талдау нәтижесінде азот диоксиді мен көміртек тотығының тиісті мөлшерден бірнеше есе көп екенін анықтаған.
"Қаланың Майқұдық, Михайлов, Пришахтинск аудандарында ауадағы зиянды заттар мөлшері тым көбейген. Бұл аумақтарда пеш жағатын жекеменшік үйлер көп. Оған өндіріс орындары мен көліктердің түтінін қосыңыз. Негізінен ауаны ластап жатқан - үйлердің мұржасынан шыққан көк түтін. Оларға шара қолдана алмаймыз", - деді Экология департаментінің бас маманы Римма Рахымбекова.
Қазір Қарағандыдағы экологиялық ахуал Үндістан және Пәкістанның қалаларымен шамалас. Мұндай мәлімет халықаралық IQAir зерттеу сайтында көрсетіліп тұр. Ал ауадағы зиянды заттар мөлшері Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен нормадан 14 есе артық екен. Осы тұста тағы бір ақпар айта өтейік, бүгінде Қарағанды - ауасы лас қалалар қатарында әлемде 44-орында тұр.
"Қазір әр өңірдің экологиясын жақсартуға ауқымды қаржы бөлінеді. Неге соны жекеменшік үйлерді газбен қамтамасыз етуге немесе арнайы зиянды қалдықтарды сүзетін жабдығы бар пештер қоюға жұмсамасқа? Болмаса, тоқпен жұмыс істейтінін орнатсын, орталық жылу жүйесіне қоссын. Жағып отырған көмірдің сапасын да қадағалау керек", - деді эколог Дмитрий Калмыков.
Көк түтінге көмілген қала тұрғындары күндіз-түні терезелерін аша алмай, таза ауаны аңсап, осылай күй кешуге мәжбүр. Әкімдік те әзірге мәселенің түбегейлі шешімін таппай отыр. Ал экологтар бұл жағдаймен күресудің жалғыз амалы жеке сектордағы тұрғын үйлердің көгілдір отынға көшуі дейді.
Жанбота Бейсембайұлы, "Алматы" телеарнасы, Қарағанды облысынан
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда 460 оқушының астан улану дерегі бойынша сот отырысы басталды