Көк шай ішсеңіз ағзада не өзгереді

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Екі сусын да бір өсімдіктен алынады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Күнделікті өмірде шай – ең жиі ішілетін сусындардың бірі. Көпшілік қара шайды таңдаса, соңғы жылдары көк шайға қызығушылық артып келеді. Екі сусын да бір өсімдіктен алынады. Алайда өңдеу тәсілі олардың құрамын өзгертіп, ағзаға әсерін мүлде бөлек етеді, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Негізгі айырмашылық – өңдеуде. Қара шай толық ферментациядан өтеді, яғни жапырақтар тотығып, құрамындағы кейбір заттардың құрылымы өзгереді. Ал көк шайда бұл процесс тоқтатылады, сондықтан табиғи қосылыстар, әсіресе антиоксиданттар жақсы сақталады. Бұл айырмашылық адам ағзасының түрлі жүйелеріне әсер етеді.

Сергектік пен ми қызметі

Шай құрамындағы кофеин сергектік береді. Бірақ оның әсері шай түріне қарай өзгереді. Көк шайда кофеин L-теанин аминқышқылымен бірге әрекет етеді. Бұл зат мидағы альфа-толқындарды күшейтіп, адамды тыныш әрі жинақы күйге әкеледі. Яғни, сергектік сақталады, бірақ жүйке ширығуы болмайды.
Ал қара шайда кофеин тез сіңіп, қысқа уақыт ішінде белсенділік береді. Бірақ бұл әсер жылдам басылып, шаршау сезімі туындауы мүмкін.

Жүйке жүйесіне әсері

Қара шай симпатикалық жүйені белсендіріп, ағзаны «жедел әрекетке» дайындайды. Бұл кей жағдайда пайдалы, бірақ кофеинге сезімтал адамдарда мазасыздық, ішкі кернеу және жүрек қағысының жиілеуі байқалуы мүмкін.
Көк шай бұл әсерді жұмсартады, гамма-аминомай қышқылы деңгейіне ықпал етіп, артық қозуды төмендетеді. Сондықтан ол күнделікті өмірде тұрақты психоэмоциялық күйді сақтауға көмектеседі.

Асқазан мен ас қорыту жүйесі

Қара шай асқазан сөлінің бөлінуін күшейтеді. Бұл кей адамдарға пайдалы болғанымен, асқазанның шырышты қабығы сезімтал болса, тітіркену мен жайсыздық тудыруы мүмкін. Әсіресе аш қарынға ішкенде әсері айқын байқалады.
Көк шай жұмсақ әсер етеді. Бірақ оны тым қою демдесе, құрамындағы таниндер көбейіп, керісінше асқазанға ауырлық түсіруі мүмкін.

Жүрек-қантамыр жүйесі

Кофеин тамырларды уақытша тарылтып, қан қысымын көтеруі мүмкін. Қара шайда бұл әсер айқынырақ байқалады.
Ал көк шайдағы катехиндер тамырлардың ішкі қабатын қолдап, олардың серпімділігін жақсартады. Нәтижесінде қан қысымы күрт өзгермей, ағза тұрақты күйде қалады.

Тамақтану әдетіне ықпалы

Шай тек физиологиялық емес, мінез-құлықтық әдеттерге де әсер етеді. Қара шайды көбіне қантпен, тәттілермен бірге ішу қалыптасқан. Бұл артық калорияға әкелуі мүмкін.
Көк шайдың дәмі нәзік болғандықтан, оны жиі қантсыз ішеді және асықпай қабылдайды. Бұл өз кезегінде тәбетті бақылауға және артық тіскебасарларды азайтуға көмектеседі.

Шектеулер

Көк шайдың пайдалы қасиеттеріне қарамастан, оны да шектен тыс қолдануға болмайды. Қою демделген шай асқазанды тітіркендіреді. Кофеин кешке ішілген жағдайда ұйқы сапасын нашарлатуы мүмкін. Сонымен қатар, шай құрамындағы таниндер темірдің сіңуін тежейді, сондықтан оны тамақпен бірге ішу жөн бола қоймайды.

Оқи отырыңыз: Тамақтан уланып қалмау үшін нені ескерген жөн

Новости партнеров