Әкімдік өкілдері де жағдаймен бірнеше жылдан бері таныс
«Күн батса болды, ауаны сасық иіс жайлап, көк түтін көзді ашытады». Алматы облысының Талғар ауданындағы азаматтар осылай деп шағым айтып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Даудың басы Талғардағы зауыт. Сасық иіс қолқаны қауып, одан шығып жатқан көк түтін көптің денсаулығына зиян келтіреді. Мынадай аптап ыстықта күндіз далаға шыға алмайтын азаматтар кешқұрым да серуендеуден қағылған.
«Завод кешке қарай бір иіс жібереді. Не жіберетінін білмейміз, күкірттің иісі. Адамның тынысын тарылтады, демала алмайды адамдар. Әсіресе, біз кішкентай балаларға қорқамыз. Балалар көп бізде, көшелерде ойнап жүрген балалар бәрі», – деді Талғар қаласының тұрғыны Қаппас Сабырбаев.
«Есік-тереземізді аша алмаймыз. Қапырық ыстық, қыс болса да ештеңе емес еді. Жазда демалуға мүмкіндік жоқ. Қайтеміз, жан керек», – деді Талғар қаласының тұрғыны Әлімхан Тоқсейітова.
Талғарлықтарды бәрінен бұрын көк түтіннің денсаулыққа тигізер ауыр зардабы алаңдатады. Аллергиямыз асқынып, тынысымыз тарылып барады деген жұрт жағымсыз жағдай туғызып отырған зауытты тексеруді сұрайды. Көпшілік аталған кәсіпорынның жұмысты елдімекендерден алыс аумақта жалғастыруын талап етіп отыр.
«Сағат 4:00-де оянамыз. Соңғы уақытта мұрыннан қан кетеді. Сасық иістің әсері деп ойлаймын», – деді Талғар қаласының тұрғыны Салтанат Байдыбекова.
Әкімдік өкілдері де бұл жағдаймен бірнеше жылдан бері таныс. Сөздерінше, мұнда 1964 жылдан бері «Талғар құю-механикалық зауыты» бар. Онымен қатар бұл аумақта тағы бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді. Жергілікті билік мәселені жан-жақты қарап, тиісті шешім қабылдауға уәде берді.
«Құзырлы органдармен бірлесіп комиссия құрамыз. Заводтың өзінен шығып жатыр ма, жоқ па, анықтаймыз. Бұл жерде жалға алып отырған бірнеше мекеме бар. Зауыттың басшылығының айтуынша, жақын уақытта фильтр қояды. Иіс азаюы мүмкін, шойын зауыты болғандықтан, түтін 100 пайыз жоғалып кететініне кепілдік бермей отыр», – деді Талғар қаласы әкімінің орынбасары Думан Нұрғазы.
Әкімдік өкілі қордаланған мәселенің 2-3 айда шешілетінін айтып, сендірді. Алайда зауыттың экологиялық төлқұжаты да бар көрінеді. Қысқасы біржақты шешім қабылданып, жергілікті билік уәдесін орындағанша Талғар шаһарының тұрғындары көк түтінмен тыныстауға мәжбүр.
Гүлмарал Изатқызы, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Талғарда жас футболшыларды дайындайтын мектеп бой көтереді