Көкөзектегі 16 мыңнан аса халық үш трансформаторға қарап отыр
Алматы облысы Көкөзек ауылының тұрғындары 15 жылдан бері лай араласқан, ішуге жарамсыз суды пайдалануға мәжбүр. Соңғы уақытта коммуналдық тарифтердің қымбаттағаны да қарашаның қалтасына салмақ салған. Алматыдан небәрі 25 шақырым жерде орналасқан ауыл халқы ақжағалыларға базынасын жылдар бойы айтып келсе де, мәселе шешілер емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көкөзектегі 16 мыңнан аса халық үш трансформаторға қарап отыр. Оның өзі түгел жекенің қолында екен. Жұртшылық «электр желілерінің жағдайы сын көтермейді» деп отыр. Салдарынан тоқ қуаты жетпей, жарық жиі өшеді. Әсіресе күн суытқанда жүктеме артып, елдімекен халқы қараңғыда қалады. Бұл аздай, тарифтің қымбаттағаны да ауылдағы ағайынға оңай соқпапты. Соңғы айларда түбіртектегі баға еселеніп келген.
«Жарық күнде өшеді. Жылп етіп өшіп қалады, халық шулайды қайта жанады, одан кейін қайтадан өшіп қалады. Белгісіз неге өшетінін білмейміз? Газ да өшіп қалады, үй суып кетеді. Электр жарығына 17 мың теңге төледік. Жарық жоқ, үйіміз жылы болсын деп пеш пен ас бөлменің шамын жағып отырамыз», - деді Көкөзек ауылының тұрғыны Алтын Жақанова
Ауылда ауыз су мәселесі өзекті. Жұрт тіршілік нәрін сатып алып ішеді. Өйткені құбырлардан аққан лай суды ішпек түгілі, шаруаға пайдалануға жарамсыз. Ал жекеменшік компания ұсынған ұңғымадан су тарту құны тым қымбат көрінеді. Бір үйді жүйеге қосу үшін 350 мың теңге керек екен. Халық бұған келіспей, мемлекет меншігіне ауысуды сұрайды.
«Суымыз таза емес, кір су, құм су. Біз ішпейміз. Ауыз суды тасып ішеміз. Фильтрды ауыстыру үшін де қаржы керек. Жуған кір де ағармайды», - Көкөзек ауылының тұрғыны Айжан Омарова.
Ал жолдың жайы – бөлек мәселе. Мұндағы көшелердің басым бөлігіне әлі күнге дейін асфальт төселмеген. Жаңбыр жауса, ми батпаққа айналып, жазда шаңы шығып жатады. Кейінгі жылдары әр үйден 10–15 мың теңгеден ақша жинап, жолға қиыршық тас төсеуге де мәжбүр болыпты.
«Оқушылар сабаққа барады, аяқтары батпақ-батпақ болады. Ақы төлеп, такси шақыртамыз. Балалардың амандығы маңызды», - деді Көкөзек ауылының тұрғыны Жазира Жәкібаева.
Жиналған жұрттың алдына келген аудан әкімінің орынбасары жолды жөндеуге қаржы жоғын айтты. Ал жарық желілерін қыркүйекте мемлекет меншігіне өткізу жоспарланып отыр деп сендірді. Ауыз су мәселесін шешу қиындық тудырып отырғанын жасырмады.
«Қыркүйекте басты көшелерге асфальт жабындысын төсейміз. Су мәселесін айтар болсам резервуар орналастыратын бос орын жоқ. Құдай қаласа, осы жылы жобаға енгіземіз», - Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Төлепберген
Көкөзек халқы жылдар бойы қордаланған мәселелердің тездетіп шешілгенін қалайды. Ендігіде биліктен нақты іске көшуді талап етіп отыр.
Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Қайғылы жағдайдың нақты себебі сот сараптамасынан кейін белгілі болады