Қоғамдық көлік қызметкерлерімен келіссөз басталды
Көкшетауда қоғамдық көлік жүргізушілері жалақыны көтеруді талап етіп, жұмысқа шығудан бас тартты. Соның салдарынан қаладағы жалғыз автобус паркінің жұмысы уақытша тоқтап, мыңдаған тұрғын қоғамдық көліксіз қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Облыс орталығында қоғамдық көлік мәселесі бұрыннан өзекті. Тұрғындардың айтуынша, әсіресе кешкі қарбалас уақытта автобусқа міну қиын, ал кешкі сағат тоғыздан кейін қоғамдық көлік қатынасы мүлде тоқтайды. Бұл пандемия кезінде енгізілген қысқартылған жұмыс кестесінің әлі күнге дейін өзгермеуіне байланысты.
Жүргізушілердің айтуынша, төмен жалақы мен кадр тапшылығы олардың жұмысына кері әсер етіп отыр. Бұған қоса, жөндеуші мамандар жетіспегендіктен, автобустарды өздері жөндеуге мәжбүр. Олар бірнеше ай бұрын басшылыққа жалақыны көтеру туралы талап қойғанымен, мәселе әлі шешілмеген.
«Автобус паркінде 2008 жылдан бері жұмыс істеймін. Бұрын жалақымыз 150 мың теңге болатын. 2022 жылы оны 200 мың теңгеге дейін көтеріп, үстемақы қосты. Сәуір айында басшылыққа жалақыны көтеру туралы хат жаздық. Бірақ содан бері үш ай өтсе де ешқандай өзгеріс жоқ. Біз тек еңбегімізге лайықты жалақы талап етіп отырмыз», – деді жүргізуші Есенгелді Қайырбеков.
«Ең алдымен, жөндеуші мамандар жетіспейді. Автобусты жөндеуге апарсақ, кейде оны өзіміз жөндеуге тура келеді. Басшылықтан жұмыс жүйесін өзгертіп, жүргізушілерге деген қарым-қатынасты жақсартуды бірнеше рет сұрадық», – деді жүргізуші Николай Жилинский.
Автобус паркінің басшылығы қызметкерлердің талаптарын негізді деп есептейді. Алайда кәсіпорын бюджеттен бөлінетін субсидияға тәуелді болғандықтан, жалақыны өз бетінше көтеруге мүмкіндігі жоқ екенін мәлімдеді.
«Біз субсидияның уақытында түсуін күттік. Алайда қаржы кешігіп келгендіктен осындай жағдай болды. Енді бастамашыл топпен бірге барлық талапты қарап, әр мәселе бойынша нақты жауап береміз. Ал жолаушылардан түсетін қаражат тек жанармай мен қосалқы бөлшектердің шығынын өтеуге ғана жетеді», – деді автобус паркінің бас директоры Олег Агоев.
Қала әкімдігі әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялауға арналған қаражат аударылатынын хабарлады. Сонымен қатар жүргізушілер мен кондукторлардың жалақысын көтеру мәселесі мүдделі тараптардың қатысуымен өтетін арнайы кеңесте қаралатынын мәлімдеді.
Қала әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, қызметкерлермен өткен кездесуде кәсіпорын жүргізушілер мен кондукторларға жалақының 50 пайызы төленгенін хабарлаған. Сондай-ақ еңбекақыны көтеру мәселесі қосымша кеңесте жеке қаралады.
Дегенмен жүргізушілер бұл жолы да мәселе толық шешілетініне күмәнмен қарайды. Олардың айтуынша, бұған дейін де осындай уәделер бірнеше рет берілген. Соған қарамастан, тұрақты табыстан айырылып қалмау үшін жұмыстан кетуге асықпай отырғандарын айтады.
Оқи отырыңыз: Еуропада аптап ыстық: мамандар сақтық шараларын күшейтуге шақырады