500-ге жуық фермер Үкіметке шағым түсірді – басты мәселе астық кептіру жабдықтары
Астықты өңірлерде диқандарды қолайсыз ауа райы күтіп тұр. Атап айтқанда, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында бүгіннен бастап жаңбыр жауса, қыркүйектің соңында Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында нөсер құяды. Мұндай болжамды Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев Үкіметте айтты. Егінге алаңдаған шаруалар Премьер-министрге хат жазып, шағымданып жатыр екен. Қазірдің өзінде 500-ге жуық өтініш түсіпті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Биыл жер емген шаруалар 24 миллион тонна астық жинайды. Мұндай деректі Ауыл шаруашылығы министрі айтты. Оның айтуынша, оның 16 миллион гектардан астамы дәнді дақылдар екен. Айдарбек Сапаров Үкімет басшысына егін жинау жұмыстары уақытылы басталып, өткен жылмен салыстырғанда қарқынды жүргізіліп жатыр деп есеп берді. Белгілі болғандай, оңтүстік өңірлерде науқан аяқталуға жақын. Бүгінде 15,5 миллион тонна астық қамбаға құйылған.
«Қазірдің өзінде 700 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Биыл майлы дақыл тұқымынан шамамен 4 миллион тонна өнім алынбақ. Бұл рекордтық көлем болады. Сонымен қатар 1,8 миллион тонна картоп, 2,9 миллион тонна көкөніс, 2,2 миллион тонна бақша өнімдері жиналды», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Сапаровтан кейін сөз алған Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиевтің айтқан ақпараты алқаптағы шаруалардың да, еңселі кеңседе отырған Үкімет басшысының да көңілін көншіте қоймайды. Шәрбиев батыс, солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлердің таулы жерлерінде бір ай бойы жаңбыр жаууы ықтимал деп отыр. Олжас Бектенов нөсер мен күннің күрт суытып кетуі астықтың сапасына, жиын-терім жұмысына кесірін тигізуі мүмкін дейді. Алқапқа алаңдаған диқандар да Бектеновке хат жазып, астықты кептіретін жабдықтарын іске қоса алмай жүргенін айтып, шағымданып жатыр екен.
«Е-Өтініш бойынша осы мәселеге қатысты қазірдің өзінде 500-ге жуық өтініш келіп түскен. Өтініштердің ең көбі 300-ден астамы Қостанай облысының фермерлерінен келіп отыр. Олар астық кептіру жабдықтарын іске қосу және астықты сатып алу бағасына қатысты шағым айтуда. Сондай-ақ кептіру жабдықтарын газ жүйесіне қоса алмай жүр. Қостанай облысының әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені шешуге жәрдемдесуі қажет», - деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Облыс әкімдіктері мен Энергетика министрлігі астық кептіру үшін шаруаларға қосымша сұйытылған газ бен дизель отынын беруі тиіс. Бектенов әсіресе солтүстік өңірлердегі шаруалардың жұмыстары басты назарда болу керек екенін шегелеп айтты. Жалпы, шаруаларға биыл 860 мың тоннадан астам дизель бөлінген еді. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов күзгі дала жұмыстарына 422 мың, кептіру процесіне 40 мың тонна сұйық отын берілгенін жеткізді. Ал, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев болса, көлік инфрақұрылымы астықты тасымалдауға толық дайын деп отыр.
«Қазіргі парк астық жүктерін тасымалдау үшін жеткілікті. Мысалы, астық таситын вагондар 16 300-ге жетті. Және ұлттық операторда 1700 локомотив бар. Сонымен қатар, мемлекет аралық пунктер астықты жоғары деңгейде тасымалдауға дайын. Ол үшін осы пункттерде пойыздарды өткізу мүмкіндігі жеткілікті. Мәселен, Өзбекстан және Орталық Азия бағытында өткізу қабілеті тәулігіне 42 пойызға, ал Қытай бағытына 43 пойызға жетті. Ресей бойынша 85 пойызға мүмкіндік бар», - деді ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңір әкімдерін де онлайн тыңдап, егіннің есебін сұрады. Премьер жауаптыларға астықты уақытылы қабылдап, уақытылы кептіріңдер деді. Сондай-ақ өнімдерге баға қою кезінде делдалдарды араластырмай, шаруалардың маңдай терімен өсірген астығын әділ бағалауды тапсырды. Одан бөлек, бағаның орынсыз өсуіне жол бермеу қажет деді. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдерімен бірге егін орағының сапалы өтуін қамтамасыз етуі керек.
Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қазақстанның агроөнімдері қай елдерге экспортталады