Көлеңкелі бизнес: шетелден әкелінген көліктерді сатып аларда нені ескеру керек

20.06.2025 19:40

2023 жылдан бері елімізде заңсыз тіркелген 1821 көлік анықталып, 87 қылмыстық іс қозғалған

Қазақстан шекарасынан көлеңкелі жолмен көлік тасымалдау фактілері жиілеп барады. Мемлекеттік аудит нәтижесінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен темір тұлпарларды «жеке тұтынуға арналған» деп көрсетіп, салық пен кедендік төлемдерді айналып өтіп, артынша оларды ел тұрғындарына сатып жіберетіндердің көбейгені анықталған. Осындай «сұр схемалардың» кесірінен бюджет 71,2 миллиард теңгеге дейін табыстан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында шетелден заңсыз кіретін көліктер мәселесін көтеріп, Үкіметке батыл қадамдар жасауды тапсырған. Себебі бұл тек салықтан жалтару емес, елдің қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Дегенмен шетелден заңсыз әкелінетін темір тұлпарлар саны азаймай тұр. 2023 жылдан бері елімізде заңсыз тіркелген 1821 көлік анықталып, 87 қылмыстық іс қозғалған. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, темір тұлпар иелері бастапқы тіркеу салығын төлемей, мемлекетке 11,8 млрд теңге залал келтірген.

«Шетелден әкелінетін көлік құралдарының кедендік құнын бақылау бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл 5 айдағы бақылау нәтижесінде темір тұлпар бағасының 46,3 млрд теңгеге әдейі төмендетілгені анықталды. Бұл ретте мемлекетке 11,9 млрд теңге көлемінде қосымша кедендік төлемдер мен салық өндірілді», – деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Жұмағұлов.

Сондай-ақ Грузия сияқты мемлекеттерден уақытша әкелінген көліктер Қазақстанда тұрақты тіркеліп кеткен. Аудит кезінде 1354 автомобиль анықталған. Бірақ олар кедендік төлем де, салық та төлемеген. Ел бюджеті 2,9 миллиард теңгеден қағылған. Жауаптылардың айтуынша, мұндай саудагерлер автокөліктерімен шекарадан емін-еркін өтіп, оларды қазақстандықтарға сатады. Ал өзі кейін әуежай арқылы елден шығып кетеді.  Ендігі кезекте тиісті органдар осы бағыттағы бақылауды күшейтіп, шекарадағы тәртіпті қолға алу қажет деп дабыл қағуда.

«Шекарада тәртіп орнатуымыз керек. Көліктер ел нарығына жаппай кіріп кеткеннен кейін емес, бастан-ақ қадағалауымыз қажет. Кеденге құқық қорғау функциясын қайтарайық. Яғни, олар жедел-іздестіру шараларын жүргізуге, тергеу амалдарын бастауға құқылы болуы тиіс. Қазір бұл функциялар Ішкі істер министрлігіне де, шекара қызметіне де тән емес, сондықтан олар бұл мәселені толық шеше алмай отыр. Бүгінгі жағдайда бізде шекарада кеден қызметі жұмыс істемейді десе де болады. Сондықтан бұл мәселені Бас прокуратура деңгейінде көтеруіміз керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Абзал Құспан

Ерлан Сатиев – көлік саудасымен айналысып жүрген қарапайым кәсіпкер. Бұл салада жүргеніне 5 жылдан асыпты. Ол соңғы уақытта шетелден арзан көлік алған азаматтардың алаяқтарға алданып қалып жатқанын жиі естиді. Айтуынша, кейбір көліктердің құжаттары дұрыс емес, енді бірі техникалық талапқа сай келмейді. Мұндай жағдайлар заңды түрде, адал жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге де кері әсерін тигізеді.

«Қазақстан Үкіметі тыйым салынғаннан кейін, қазір ресми айналысып жатырмыз. Маған күнделікті кем дегенде 3-4 адам қоңырау шалады. Ақшасын да, көлігін де ала алмай отырғанын айтады.  Өйткені заңсыз көлік уақытында қазақ елінің қолына жетпейді. Түк те істей алмаймыз. Бауырлар оң жақ рөлді, Қазақстанда тыйым салынған көліктерді алдырмаған жөн», – деді саудагер Ерлан Сатиев.

2023 жылдан бастап Қазақстан азаматтары шетелден келген көлікке 10 күннен артық сақтандыру рәсімдей алмайды. Бұл норма заңсыз темір тұлпардың ұзақ уақыт пайдалануын шектеуге бағытталған. Сонымен қатар жол ережесіне де өзгеріс енгізіліп, полиция қызметкерлері шетелдік көлікті құжат тексеру үшін тоқтата алады. Заң бұзғандар 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді, ал қайталап бұзса 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Астана

Оқи отырыңыз: Өлім аузында жатыр: 30 мың теңге қарызын сұраған азаматты досы соққыға жыққан