Көлігіңізді сатып береміз: Атырауда 100-ге тарта тұрғынды алдап кеткен

Полиция істі «алаяқтық» бабы бойынша тергеп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда 100-ге тарта тұрғын автосалон қызметкерлеріне алдандық деп шу шығарды. Келісімшартпен берген көлігімізді қайтара алмай жүрміз деген азаматтар бүгін облыстық Полиция департаментінің алдына жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Сан соғып қалдым» дегендердің бірі – қала тұрғыны Нұрхан Сембаев. Ол көлікті алып-сатумен айналысатын сайт арқылы қымбат темір тұлпарын сатылымға шығарған. Кейін оған автосалондардың бірінен хабарласып, әбден сеніміне кіріп, автомобилін келісімшартпен тапсырып кетуін сұраған. Ақшасын кейін аласыз деп сендірген. Бір апта өткен соң азамат алаяқтардың құрығына түскенін білген.

 «Мен көлігімді сатамын деп, жарнама бердім. «Абыройдың» қыздары хабарласты. Шақырған жерге бардым, ішінде адамдар машина алып жатыр, сатып жатыр. Басында олар қсынған ақшаға келіспей, өз бағамды айттым. Қыздар сендіріп, көлікті тастап кеттім. Айқай шу басталды, машинам да, ақшам да жоқ болды», – деді көлік иесі Нұрхан Сембаев

Нұрхан сияқты алданғандардың саны 100-ге жетеді. Барлығы әу баста автосалон өкілдерінің көрсеткен келісімшарты мен құжаттарына сеніп, темір тұлпарларын тапсырған.

«Машинамызды сатуға шығарған кезде,шақырды. Күйеу баламды шақырған «машинаңды өткізіп, 10 күн ішінде ақшаңызды аударамыз» деген. Содан естіп, машинамызды өткіздік. Бізге де уәде берді. 13-күні ақшамды алуым керек еді. Келсем, халық жиналып қалған, алдандық деп шулап жүр», – деді көлік иесі Берік Жігіт.

Қазір полиция істі «алаяқтық» бабы бойынша тергеп жатыр. Бас күдіктілер қамауға алынған.

«Бас фигуранттар ұсталды. Екі тұлға қазір тергеу сотымен күзетпен ұстау бұлтратпау шарасымен қамауға алынды. Атырау өңірінен 90-нан аса жәбірленуші бар. Яғни, өз көліктерін аталған мекемеге тапсырып, белгіленген келісімшартқа сәйкес, ақшасын ала алмай, арыз жазған. Сол себепті барлық автокөлікке тыйым салынып, сату, сатып алу операцияларына тоқтаттық», – деді Атырау облыстық Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Арсен Иманәлиев.

Ал автосалон жабық тұр. Полиция мәліметінше, мекеме 2024 жылдан бері жұмыс істеп келген. Ал алаяқтарға алдандық деген азаматтар көлігімізді қайтарып берсін деп талап етіп отыр. Әрі алып-сатар делдалдардың да жазаға тартылуын сұрайды.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Тұншығып отырмыз: Қостанайда бағбандардың бақшасын нәжіс суы шайып кетті

Новости партнеров