Көлік дауы: Семейдегі өзін-өзі өртеу дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам өзін-өзі өртеп, көз жұмды
Семейдегі сот ғимаратының алдында өзін-өзі өртеп жіберген адам шетелдік болып шықты. Абай облыстық сотының мәліметінше, марқұм өзге елдің азаматына қатысты қылмыстық іс бойынша жәбірленуші болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқиғаның мән-жайына тоқталсақ, 2020 жылы оның кәсіпорыны лизингтік компаниядан бес жүк көлігін сатып алған. Алайда олардың ақшасын толық төлей алмапты. Ал 2024 жылы лизинг компаниясының өкілі сот шешімінсіз аталған 4 көлік құралын және қосалқы бөлшектерді алып кеткен. Кейіннен бұл істің мерзімі өтіп кеткендіктен, мекеме өкілі қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға осыдан үш күн бұрын болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам өзін-өзі өртеп, көз жұмды. Аталған дерек бойынша қазір қылмыстық іс қозғалды.
«Келісімшарт төлемнің толық жүргізілмеуіне байланысты бұзылғандықтан, сот төрт жүк көлігін заңды иесіне – лизингтік компанияға қайтару туралы шешім қабылдады. Жәбірленуші 19,9 миллион теңге көлемінде өтемақы талап еткен. Алайда мүліктің өзіне тиесілі екенін және келтірілген шығын көлемін растайтын дәлелдер жеткіліксіз болды. Сондықтан азаматтық талап қараусыз қалдырылды», - делінген Абай облыстық сотының баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Оқи отырыңыз: Батыс өңірде экстремистік топтың әрекеті әшкереленді