Конституция әр азаматтың күнделікті өміріндегі маңызды құжатқа айналуы тиіс - Қасым-Жомарт Тоқаев

Управление молодежной политики города Алматы
Управление молодежной политики города Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қазақстанның ұлттық идеологиясына қатысты мәселеге тоқталып, Конституцияда елдің өткені, бүгіні мен болашағына қатысты негізгі құндылықтар айқындалғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

«Бұған дейін еліміздің ұлттық идеологиясына қатысты көптеген талқылаулар болғанын білесіздер.

1 шілдеде заңды күшіне енген Конституциямыз осы мәселенің нүктесін біржола қойды деп айтсақ, орынды болар.

Конституцияда еліміздің өткені, бүгіні және келешектегі бейнесі айқын көрініс тапты. Конституция преамбуласында байырғы қазақ жерінде мемлекеттілігімізді нығайтып, Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтауға баса мән беретініміз нақты жазылды.

Бұл – төл тарихымызға тағзым ету, бабалар аманатына адал болу деген сөз», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Негізгі заңда адам құқықтары мен бостандығын қорғау, заң мен тәртіпті орнықтыру, бірлік пен ынтымақты сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен ғылымды және инновацияны дамыту мемлекеттің негізгі міндеттері ретінде айқындалғанын атап өтті.

«Азаматтарымыз Конституцияның ережелерін жақсы біліп, күнделікті өмірде қолданған сайын оның күші де, қуаты да арта түседі.

Сол себепті мен Конституция әр адамның қолында жүретін, жұмыс үстелінде тұратын, жеке кітапханасынан орын алатын құжат болуға тиіс деп есептеймін.

Біз Конституцияда бекітілген қағидаттар мен құндылықтарды бүкіл ел болып дәріптеуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл бағыттағы жұмыста формализм мен науқаншылдыққа жол бермеу керектігін айтты.

«Баяғы жартас – сол жартас болып, қағазбастылық көзқарасынан құтыла алмасақ, еш ілгерілеу болмайды.

Бұл жұмысты шын жүрегімізбен, ақ ниетімізбен атқармасақ, қажетті нәтижеге жету өте қиын болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.