Қазақстан халқы ассамблеясының тәжірибесі Халық Кеңесінің жұмысында жалғасады
Мемлекет басшысы Конституцияны халық арасында түсіндіру және дәріптеу жұмысына ерекше жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Бұл іске заңгерлерді, ғалымдарды, мұғалімдерді, еріктілерді, кәсіпкерлерді, ардагерлер мен мемлекет қайраткерлерін тарту көзделіп отыр.
«Халық арасында Конституцияны түсіндіру, дәріптеу ісі бұл – өте жауапты жұмыс, оған үстірт қарауға болмайды.
Осы саяси жұмысқа ілімі терең, тәжірибесі мол адамдарды шақыру керек, яғни заңгерлер, ғалымдар, мұғалімдер, еріктілер, кәсіпкерлер, ардагерлер мен мемлекет қайраткерлерін тарту керек болады.
Ал Президент Әкімшілігінің міндеті – бұл жұмыстың кешенді және жүйелі тұғырын қалыптастыру.
Аталған міндетті жүзеге асыруды Вице-Президент Ерлан Тынымбайұлы Қаринге тапсырамын. Жұмыстың барысы туралы екі аптада бір рет Президентке тіке баяндайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға да тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет.
«Қазақстан халқы ассамблеясы, шын мәнінде, өз жұмысын аяқтады. Бірақ бұл ұйым аясында қалыптасқан пайдалы институционалдық инфрақұрылым керексіз болып қалады дегенді білдірмейді.
Сіздерге турасын айтайын: Қазақстан халқы ассамблеясының бірегей тәжірибесі ешқашан тарих қойнауына кетпейді, керісінше, Халық Кеңесінің жұмысында қолданылады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлік еліміздің орнықты дамуының берік негізі болып қала беретінін атап өтті. Сондай-ақ мемлекет этномәдени орталықтарға, театрлар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты.
Мемлекет басшысы ортақ мәдени мұраны сақтау және дәріптеу мәселесіне де назар аударды. Семейдегі Федор Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінде күрделі реконструкция басталғанын айтып, алдағы уақытта басқа да тарихи ескерткіштер мен музейлерді ретке келтіру қажеттігін жеткізді.
«Медиация институтына қолдау көрсету қажет. Өйткені бұл – кез келген кикілжіңнің алдын алып, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтатын әмбебап әрі пәрменді тетік.
Сонымен қатар алдымызда жастардың және спорт ұйымдарының, еріктілер желісінің, қайырымдылық қорларының жұмысына, Аналар мен Ақсақалдар кеңесінің қызметіне тың серпін беру міндеті тұр», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны кезінде этномәдени бірлестіктердің зардап шеккен өңірлерге көрсеткен көмегін де атап өтті.
«Сондықтан жаңартылған саяси жүйеде Қазақстан халқы ассамблеясының тарихи рөлі еш кемімейді, керісінше, күшейе түседі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.