Конституцияға тек референдум арқылы ғана өзгеріс енгізуге болады - Президент

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Халықтан келіп түскен ұсыныстарды жүйелеп, жинақтау үшін Конституциялық комиссия құрылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөйлеген сөзінде «Волонтерлер форумы елдің тағдыры, ұлттың болашағы айқындалатын шешуші сәтте өтіп жатыр» деп атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 «Мен былтырғы Жолдауымда алдағы саяси жаңғырудың негізгі бағыттары туралы ұсыныстарымды айттым. Бұл бастамалар қоғамның кең қолдауына ие болды, оны бүкіл ел болып талқыладық. Жарты жылдан бері конституциялық реформаға қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Партиялардан, депутаттар мен сарапшылардан, заңгерлер мен қоғам белсенділерінен мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Онда мемлекеттің институционалдық негіздерін өзгертуден бастап, Ата Заңның мәтінін редакциялауға дейін, өте көп мәселе қамтылды.

Азаматтардың белсенділігін ескере отырып, мен Ұлттық құрылтайдың Қызылордадағы отырысында бірқатар бастаманы жұртшылықтың назарына ұсындым. Оның бәрі бүкіл мемлекетті басқару жүйесін тиімді, орнықты әрі теңгерімді етуді көздейді. Барша әлем өзгеріп, заман бұлыңғыр болып тұрған қазіргі алмағайып кезеңде, бұл – өте маңызды мәселе», - деді Президент.

Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия отырыстарында Ата Заңымызға қатысты көптеген прогрессивті, инновациялық ұсыныстар берілгеніне назар аударды.

«Халықтан келіп түскен ұсыныстарды жүйелеп, жинақтау үшін Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына барлық аймақтың өкілдері мен түрлі санаттағы азаматтар, халық қалаулылары, орталық атқарушы органдардың басшылары, құқықтанушы ғалымдар, тіл мамандары және белсенді жастар кірді. Қоғам өкілдерін қамту ауқымы, кәсібилік мен азаматтық жауапкершілік тұрғысынан алғанда, мұндай комиссия елімізде бұрын-соңды болмаған деп сеніммен айтуға болады. Комиссия жұмысы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін берді. Комиссия мүшелері конституциялық реформаға қатысты әр мәселені егжей-тегжейлі қарап, жан-жақты талқылап, ауқымды жұмыс атқарып жатыр.

Осыған дейін Комиссияның 5 отырысы өтті. Оның бәрі әлеуметтік желіде тікелей эфирден көрсетіліп, ақпарат құралдары арқылы кеңінен таратылды. Мен талқылау барысын мұқият қадағалап отырмын. Осы орайда, Ата Заңымызға қатысты көптеген прогрессивті, инновациялық ұсыныс берілді деп сеніммен айта аламын. Түптеп келгенде мұның бәрі еліміздің Ата Заңына негіз болады. Бұл әлемде қалыптасқан қазіргі күрделі кезеңде біртұтас Қазақстан халқына бағыт сілтейтін маңызды құжатқа айналады деп сенемін», деді Президент.

Сондай-ақ Президент егер болашақта Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті, шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойда екенін жеткізді.

«Конституция, бұл – кез келген елдің ең басты жол көрсететін құжаты, темірқазығы. Конституцияны бәріміз білуіміз керек, бағалауымыз қажет. Сондықтан егер болашақта Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті, шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойдамын. Бұл да халқымыздың азаматтық құқығын күшейтудің маңызды тәсілі деп сенемін. Тағы бір айта кететін маңызды жайт: Комиссия Конституцияға қатысты ұсыныстың бәрін мұқият саралап шықты. Мұқият ойластырылған түзетулер Конституцияның барлық негізгі бөлімдері мен баптарын, преамбуласын түгел қамтитын болады», - деді ол.

Оқи отырыңыз: Президент: Ерікті болу – игі іс жасау, Отаныңа адал қызмет етіп, туған жеріңе жанашыр болу

Новости партнеров