Конституциялық сот азаматтардың құқығын қорғаудың негізгі тетігіне айналды
Конституциялық сот өз жұмысын бастағалы бері 16 мыңға жуық өтініш пен шағым тіркелген. Бұл көрсеткіш азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауға деген белсенділігінің артқанын көрсетеді. Аталған органға жүгіну арқылы адамдар қолданыстағы заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілердің әділдігін, Конституцияға сәйкестігін тексеруге мүмкіндік алады. Ал жаңа Ата Заң қабылданғаннан кейін соттың тәуелсіздігі мен жұмысының тиімділігі арта түсті. Айта кетейік, елімізде Конституциялық сот өз жұмысын 2023 жылдың қаңтарынан бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Конституциялық сот елімізде заңның сақталуын қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Ресми мәліметтерге сәйкес, бұл органға түскен өтініштердің басым бөлігі сот шешімдерімен немесе құқық қорғау органдарының іс-әрекеттерімен келіспеуге, сондай-ақ заңнаманы түсіндіруге қатысты. Сарапшылардың пікірінше, азаматтарға мұндай құқықтардың берілуі еліміздің демократиялық негіздерінің берік екенін көрсетеді.
Ал Сенат депутаттары жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Конституциялық соттың беделі айтарлықтай артқанын атап өтті. Себебі оған тәуелсіз мәртебе беріліп, бұл халықтың өз құқықтарын қорғауға деген сенімін күшейтіп, мемлекеттік органдардың заң аясында әрекет етуін қамтамасыз етеді.
“Біздің азаматтарымыз құқықтарын қорғау мәселесінде кез келген салада заң бұзушылық бар деп есептесе немесе заңдардың іске аспауынан құқықтары бұзылды деп санаса, Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады. Бұл мүмкіндік Конституциялық мәртебеде бекітілген”, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров.
Заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов жаңа Конституцияда Қазақстан Республикасының Конституциялық соты тәуелсіз жоғары мемлекеттік орган ретінде қарастырылуы кездейсоқ емес екенін айтты. Оның сөзінше, бұл болашақта Конституциялық соттың нормативтік қаулыларының тәуелсіздігін айқын көрсетеді. Яғни оның шешімдері мен нормативтік қаулылары ешбір мемлекеттік органға немесе биліктің басқа тармақтарына бағынбайды және өзгертілмейді. Бұл азаматтардың құқықтары мен Конституция талаптарының қорғалуын қамтамасыз етіп, соттың беделін одан әрі нығайтады.
“Конституциялық соттың шешімі шыққаннан кейін ол түпкілікті болып саналады. Бұл шешімді ешкім өзгерте алмайды. Сонымен қатар Конституциялық соттың нормативтік қаулылары арқылы заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға өз септігін тигізеді. Бұл Конституциялық сот шешімдерінің адам құқықтарын қорғаудағы ең жоғары тиімді құқықтық тетік екенін көрсетеді”, – деді заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Жамаладен Ибрагимов.
Конституциялық сот – еліміздің Ата Заңына сәйкес Конституцияның сақталуын қадағалайтын тәуелсіз мемлекеттік орган. Сарапшылардың айтуынша, көпшілік оны дәстүрлі соттармен жиі шатастырады. Шын мәнінде, «Конституциялық сот» деген атауына қарамастан, ол жалпы сот жүйесіне кірмейді. Қарапайым азаматтар тек өз ісін қарау кезінде құқықтарын бұзатын заң нормасын анықтаған жағдайда ғана осы органға өтініш бере алады.
Оқи отырыңыз: Алматыда Open Almaty арқылы өтініш қабылдауға арналған бірыңғай 109 нөмірі іске қосылды