Көпшілік ай сайын бұл өнімге кемі 20 мыңнан 40 мың теңгеге дейін ақша жұмсайды екен
Құлпынай қосылған шоколад, шай мускаты, енді лаймберри. Атыраулық жастардың дені қазір желілерде хит болған осы тәттіге құмар. Көпшілік ай сайын бұл өнімге кемі 20 мыңнан 40 мың теңгеге дейін ақша жұмсайды екен. Ал дәрігерлер не дейді? Өнімнің адам денсаулығына зияны бар ма? Almaty.tv тілшісі анықтап көрді.
Көпбалалы ана Аңсаған Сағынбаева трендке айналған лаймберриді балаларына алып беру үшін ай сайын кемі 20–40 мың теңге жұмсайтынын айтады. Ұл-қыздарының көңілін қимайтын келіншек маркетингтің құрбаны болғанын жасырмайды. Қауіпті екенін білсе де, ара-тұра жеудің еш әбестігі жоқ дейді.
“Қазір трендте осы екен деп тайға таңба басқандай айтып тұрған соң қалай алып бермейсің. Көңіліне қарайсың. Бағасының шарықтап тұрған кездері де болады. Бағасына қарап жатқан жоқпыз. Айына бір рет алып бергенде түк жоқ деп, баланың көңілі үшін аламыз. Шыны керек, өзіміз де қызығып жейміз. Қазір менің бес балам бар. Біреуіне ғана алып бере алмайсың, бесеуіне бірдей алғанда әрине 20 мыңның айналасына жуықтайды”, – деді қала тұрғыны Аңсаған Сағынбаева.
Трендке айналған лаймберри әсіресе әлеуметтік желілерде кең таралған. Бағасы 10 мың теңгеден басталады. Сұранысқа сай түр-түрін тапсырыс арқылы алуға болады. Бұған әсіресе жастар әуес. Көпшілік сырты қытырлақ тәттіге ақша аямаймыз десе, енді бірі оны сыйлық ретінде сатып алғанды жөн көреді.
“Лаймберри жастар арасында хит болғандықтан, мен оны күнде болмаса да ара-тұра алып жеймін. Өзім тәттіні жақсы көрем”, “Сыйлыққа келсе жейміз, арнайы ақша жұмсамаймыз”, “Өзім үшін алмасам да, сыйлыққа аламын. Жастар алады ғой”, – дейді қала тұрғындары.
Алайда дәрігерлер түрлі қоспалар арқылы әзірленетін өнімнің денсаулыққа зиян болуы мүмкін екенін айтады. Яғни асқазан-ішек жолдары арқылы инфекция тарату қаупі жоғары. Сонымен қатар құрамындағы дәмдеуіштер мен түрлі бояғыш заттар аллергиялық реакция тудыруы мүмкін.
“Бұл тәтті сырт көзге зиянсыз көрінгенімен, құрамында қант пен түрлі тағамдық қоспалар өте көп. Мысалы, 100 грамында шамамен 570 килокалория бар. Мұндай өнімді жиі тұтыну денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Ең алдымен асқазан-ішек жолдарына әсер етеді. Балаларда іш өту, құсу, асқазанның бұзылуы сияқты белгілер жиі кездеседі”, – деді жалпы тәжірибелік дәрігер Әйгерім Абдрахманова.
Сондықтан мамандар бұл өнімді күнделікті тұтынбауға кеңес береді. Айта кетсек, лаймберри – сөлі алынып, кептірілген құлпынайдың қант пен ақ шоколад негізіндегі глазурьмен қапталған түрі.
Оқи отырыңыз: Конституциялық сотқа жүгінгендер саны 16 мыңға жуықтады