Алматыдағы 8 ауданнан 1700 бала тегін қойылым тамашалады
Қазақ мемлекеттік циркі Конституция күніне орай қайырымдылық іс-шара өткізді. Өнер ордасы қаладағы 1700 баланы жинап, тегін қойылым қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құстай қалықтаған акробаттар, сайқымазақтардың қалжыңы, гимнасттардың трюктары шоуға келген әр баланы таңдай қақтырды. Біресе таңдаңа, енді бірде қорқыныш сезіміне де бөленді. Көрермендер Ресей, Моңғолия, Қытай елдерінен келген әртістердің ең үздік нөмірлерін тамашалады. Бала-шағасын жетектеп келген ата-аналар да ертегілер әлеміне еніп кеткендей күй кештік деп, сезімдерін бөлісті.
«Балалардың көңілін көтеріп, қойылымды жиі-жиі қойса дейміз. Моңғолиядан, Россиядан, Қытайдан келген әртістер ұнады. Керемет! Балаша қуанып отырмыз. Отбасымызбен келгенімізге өкінбейміз», – деді қала тұрғыны Серікгүл Жолдыбайқызы.
Қайырымдылық іс-шарасына қаладағы 8 ауданнан 1700 бала келген. Дені көпбалалы отбасылардың балалары мен мүмкіндігі шектеулі, балалар үйі мен интернат тәрбиеленушілері және аз қамтылған отбасынан шыққандар. Қойылым Қазақ мемлекеттік циркі және әлеуметтік мекемелер мен қоғамдық бірлестіктердің қолдауымен ұйымдастырылған.
«Мақсат – көрермендерге, балаларға жақсы көңіл-күй сыйлау. Цирк өнерін көрсету, дәріптеу. Бұл – бекзада өнер, қауіп-қатері көп өнер. Бұл жерде адамдар қойылымда қауіпсіздік белдігінсіз жұмыс жасайды. Мәдениеттің өте бір ерекше саласы», – деді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов.
Айта кетейік, биыл Қазақ мемлекеттік циркіне 55 жыл толды. Өнер ордасы алдағы уақытта игі бастамаларды өткізуді дәстүрге айналдырмақ.
Диана Тұрлыбек, Алишер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: «Көктөбе» саябағында бірегей экологиялық суару жүйесі іске қосылды